Қаршыға Ахмедьяровты еске алуға орай «Күмбірле, асыл домбыра» концерті өтті

26 Маусым 2021, 22:17
2518
Бөлісу:
Қаршыға Ахмедьяровты еске алуға орай «Күмбірле, асыл домбыра» концерті өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.«Астана Опера» Камералық залы сахнасында Қазақ КСР Халық әртісі, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, күйші, шебер домбырашы, композитор, дирижер әрі ұстаз Қаршыға Ахмедьяровты еске алуға орай «Күмбірле, асыл домбыра» концерті өтті.

Шебер домбырашының 75 жылдық мерейтойына ұзақ уақыт әзірлік жұмыстары жүргізілді, сондықтан концерт бағдарламасы мәнді, мазмұнды болып, бірде-бір көрерменді бей-жай қалдырмады. Залға керемет маэстроның көптеген әріптестері, шәкірттері, оның шығармашылығын қадір тұтатын жандар, туыстары мен жақындары жиналды.

Концерт Қаршыға Ахмедьяровтың өмірі мен шығармашылығына арналған бейнефильммен басталды. Ұстаздың шәкірттерімен жұмыс жасау барысындағы әсерлі кадрлары, оның жарқын өнер көрсетулері көрерменнің көңілін жібітіп, көзіне жас алғызды.

Осы кеште Ғалым Ахмедьяров, Айтқали Жайымов, Дина Хамзина, Азамат Жылтыркөзов, Руслан Баймурзин, Айтжан Тоқтаған, Жұмабек Қадырқұлов, Батырлан Әбенов, Еділ Басығараев, Досым Мақсұтов, Дарын Құдайбергенов және тағы басқа өнерпаздар композитордың мол мұрасын тыңдарман назарына ұсынды.

Танымал қазақстандық музыканттармен қатар концертке Мемлекеттік академиялық филармониясы қазақ оркестрінің қырыққа жуық әртісі қатысты. Қазақ халық композиторларының көптеген шығармаларын өңдеу және өз пайымынша түрлендіруден бөлек, Қ.Ахмедьяров өзінің төл туындылары – «Шашақты найза шалқар күн», «Нарын», «Қуаныш», «Сағыныш», «Аққайың», «Желдірме» және т.б. күйлерін, сондай-ақ әндерін мұраға қалдырды.

Мерейтойлық кештің мазмұнды концерттік бағдарламасы өз кәсібінің асқар шыңына жеткен, бірақ сонда да қарапайымдылығы мен кішіпейілдігін сақтаған, достары мен әріптестеріне ашық жарқын көрнекті музыкант, зияткерлік деңгейі жоғары адам шығармашылығының сан қырын паш етті.

- Қаршыға Ахмедьяров – қазақ ұлттық музыкасындағы аты аңызға айналған адам, бірнеше домбырашы музыканттардың толқыны бой түзеген ірі тұлға. Ол көптеген салаларды бағындарған хас шебер болды, алайда ең бірінші де бірегей қабілеті – орындаушылық қызметі. Бұдан бөлек, Қаршыға Ахмедьяров тамаша композитор болған, өмір бойы қаншама күйлерді зерделеп, өз зерттеуін жүргізген. Бір бойына түрлі домбыра мектептерінің дәстүрін ұштастырған, осының барлығын өн бойына сіңіре отырып, өзіндік ерекше стилі арқылы шығармаларында паш еткен. Қ.Ахмедьяров көптеген домбырашы-орындаушыларды тәрбиелеп шығарған. Мен консерваторияда оқыған кезімде одан тәлім алдым. Осы концертке дирижер әрі домбырашы ретінде қатысу мен үшін зор бақыт, себебі Қ.Ахмедьяров біз үшін шығармашылықтағы бағыт-бағдар беруші темірқазық іспеттес болатын, - деп концерттен соң пікірімен бөлісті Руслан Баймурзин.

Қаршыға Ахмедьяров әмбебап музыкант еді – әрі дирижер, әрі зерттеуші, әрі композитор, әрі күйшілік дарынның бір жанның бойынан табылуы сирек кездесетін құбылыс. Бұдан бөлек, ол қазақ мәдениетінің байлығын әлемге өнерімен танытқан көрнекті орындаушы болатын. Бүгінгі концерт – ұлы музыканттың шығармашылығына деген құрмет көрсету, мұның өзі бір ғанибет еді, барлық нөмірлер өзара керемет үйлесіп, ортақ үндестік тапты, - деді тыңдарман Ботагөз Мұқанова.

Өзгелердің жаңалығы