Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қаражалда қараусыз қалған үйлер қалпына келтірілуде. Бос тұрған көп қабатты үйлерді қайта құру нәтижесінде биыл 215 отбасы пәтер алады, деп хабарлайды Қарағанды облысының әкімдігі.
Қаражал әкімдігінен хабарлағандай, өткен жылы облыстық бюджет есебінен бір үйді қайта қалпына келтіру жұмыстары аяқталды. Сондай-ақ қалалық бюджет қаржысына бос тұрған жеті коммуналдық пәтерге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл 32 отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
2020 жылы 25 орамдағы №22 үйді қайта құру жұмыстары басталды. Оларды осы жылдың қазан айында аяқтау жоспарланып отыр. Сондай-ақ, мұнда №4 үй қалпына келтірілуде. Жәйремдегі Металлургтер көшесінде тамыз айында 37-үй пайдалануға берілуі тиіс. Осы үш үйді қайта құру нәтижесінде 215 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі, бұл кезекті 50%-ға төмендетуге мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда Қаражал-Жәйрем аймағы бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға кезекте 425 адам тұр, – деп хабарлады Қаражал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары, құрылыс және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары Нұрсұлтан Саутбаев.
Барлық коммуникациялар республикалық және қалалық бюджет есебінен жөнделетін болады. Үйлер орталық жылуға қосылады.
Маңызды мәселелердің бірі қалпына келтіруге жатпайтын бос тұрған үйлерді бұзу болып табылады. Өткен жылы сегіз үйдің демонтажы аяқталды. Қаражалда және Жәйрем кентінде бос тұрған тоғыз үйді бұзуға сметалық құжаттаманы әзірлеу бойынша жұмысты бастауды жоспарлап отырмыз, – деді Нұрсұлтан Саутбаев.
Оқи отырыңыз: