Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Былтыр «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша құпталған 250 жобаның басым көпшілігі ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету және туризм салалары бағыттарын қамтыды.
Бұл туралы мемлекеттік бағдарлама бойынша жеңілдетілген несиелеу шарттарын талқылаған онлайн кеңес барысында айтылды. 60-тан астам шығысқазақстандық кәсіпкер қатысқан шарада сөз алған облыстық Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Қайрат Мамырбаев аталған бағдарлама бойынша көрсетіліп жатқан қолдау шараларына тоқталды.
Оның айтуынша, 2019 жылы басталған бағдарлама негізінен тігін өнімдері мен жиһаз, азық-түлік пен құрылыс материалдары сияқты күнделікті өмірде қолданылатын қарапайым заттарды өндіретін кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған көрінеді.
Бағдарламаның басты міндеті - әлеуметтік маңызы бар шетелдік тауарларды отандық өніммен алмастыру болып табылады. Бағдарламаны дамытуға 1 триллион теңге қарастырылған. Бүгінгі таңда «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы жеңілдетілген несиелеу бағытындағы сұранысы жоғары бағдарламалардың бірі болып келеді. 2020 жылы Шығыс Қазақстанда 250 жоба құпталып, өңіріміз еліміз бойынша екінші орынға шықты, - деді Қайрат Мамырбаев.
Оның айтуынша, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша ұсынылатын жобалардың 70 пайызы ауыл шаруашылығына қатысты көрінеді.
Сондай-ақ қызмет көрсету және туризм салалары да жоғары сұранысқа ие. Сол себепті пайдасы жоғары салалар бойынша типті бизнес-жобалар дайындалып, үміткерлерге дайын бизнес жобалар ұсыныла бастаған.
Шара барысында Алакөл жағасының туризмін дамыту мәселесі қозғалды. Бүгінде өңірдің туристік нысандары ішінде аталған бағдарлама бойынша несиелеуге енгізілген жалғыз Алакөл жағалауы екені белгілі.
Дегенмен қазіргі уақытта дайын демалыс үйлерін кепілдікке қоя алмай отырған кәсіпкерлер мұның бизнестерін одан әрі дамытуға біршама кедергі келтіретінін атап өтті. Банктердің ішкі талаптарына сәйкес, кепілдікке тек қалалық жерлердегі жылжымайтын мүлік қана қойылады.
Өткен жылы «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша Алакөл жағасындағы бизнесті дамытуға қатысты 11 жоба несиелендірілген болатын. Олардың біразы Семейде тіркелген кәсіпкерлер. Жалпы Алакөл жағалауы еліміздегі туристік нысандардың алғашқы ондығына кіреді. Көл жағасындағы туристік базалар кішкене емес, құжаттары да дұрыс, мүлік заңдастырылған. Ендеше оларды жекелеген тәртіпте қарастыру қажет. Бір банк несие бермесе, екіншісіне бару қажет. Басқа жолы жоқ. Сол себепті әр клиентпен жеке тәртіпе жұмыс істеу қажет, - деп қосты Қайрат Мамырбаев.