Елімізде MEDEÝ коллекциялық монеталары айналымға шығады

22 Ақпан 2021, 17:19
1631
Бөлісу:
Елімізде MEDEÝ коллекциялық монеталары айналымға шығады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Республика игілігі» сериясынан MEDEÝ коллекциялық монеталарының сатылымы басталды.

Қазақстан Ұлттық банкі 2021 жылдың 23 ақпанынан бастап «Республика игілігі» монеталар сериясынан MEDEÝ коллекциялық монеталары сатылымға шығатынын хабарлады.

Қалыптасқан эпидемиологиялық жағдай аясында халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында MEDEÝ коллекциялық монеталарын онлайн-сату және жеткізу Ұлттық банктің интернет-дүкенінің жаңартылған платформасы арқылы жүзеге асырылады. Тапсырыстарды өңдеу белгілі бір уақытты қажет ететіндіктен, монеталарды сату бірнеше күнге бөлінеді. 

MEDEÝ коллекциялық монеталарында не бейнеленген?

MEDEÝ монетасы дизайнының тұжырымдамасы атақты бөгеттің және «жарылыстан туындаған» мұз айдынының пайда болу тарихын суреттейді.

Монета дизайнының графикалық тұжырымдамасы бүкіл әлемге әйгілі «Медеу» биік таулы мұз айдынын қоршаған Іле Алатауының жартасты тауларын аллегориялық қабылдау негізінде жасалған.

Елімізде MEDEÝ коллекциялық монеталары айналымға шығады

MEDEÝ монеталары неден жасалған?

Монеталар алтын жалатылған күмістен жасалған. Оның массасы 24 грамм, диаметрі 37 мм, proof сапасымен, таралымы 3 000 (үш мың) данада дайындалды. Монеталар коллекциялық құны бойынша сатуға арналған.

Монетаның аверсінде орталық бөлігінде «QAZAQSTAN RESPÝBLIKASY» жазбасының, монета номиналын және монета дайындалған металды, оның сынамасы мен массасын білдіретін жазбалардың қоршауында ҚР Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген.

Монетаның реверсінде ортасында жартасты таулар аясында биік таулы «Медеу» мұз айдынының бейнесі орналасқан. Монетаны айналдыра жалпақ жиекте мынадай бедерлі жазулар орналасқан: монетаның соғылған жылы, мұз айдынының ресми ашылған жылы, белгіленген әлемдік рекордтар саны, теңіз деңгейінен биіктігі және мұз айдынының және оның орналасқан жерінің мемлекеттік тілдегі, орыс және ағылшын тілдеріндегі атауы.

Монеталар барлық банкте айырбастала ма?

Номиналы 500 теңгелік коллекциялық монеталар төлемдердің барлық түрі бойынша Қазақстанның бүкіл аумағында олардың белгіленген құнымен қабылдануға, сондай-ақ банк шоттарына есепке алынуға және аударылуға міндетті. Монета еліміздің барлық банкінде шектеусіз ұсақталады және айырбасталады.

Күмістен жасалған монеталар кәдесыйлық орамда шығарылады және Ұлттық банктің мемлекеттік тілдегі, орыс және ағылшын тілдеріндегі нөмірлік сапа сертификатымен жабдықталған.

Коллекциялық монеталар Қазақстанның Теңге сарайында дайындалды.

Өзгелердің жаңалығы