Карантиндік ахуал электрондық қызметтің ауқымын кеңейтті – жауапты маман

25 Маусым 2021, 10:50
1049
Бөлісу:
Карантиндік ахуал электрондық қызметтің ауқымын кеңейтті – жауапты маман

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында Жамбыл облысында атқарылған жұмыстар ауқымды. Жүйелі шаралардың нәтижесінде халыққа қызмет көрсету саласында оң өзгерістер орын алуда.

Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес АҚ Жамбыл облыстық филиалы директорының орынбасары Данияр Медетбеков айтты. Оның сөзіне қарағанда, ведомство мемлекеттік қызметтерді көрсету бойынша бірыңғай провайдер болу үшін құрылған. Оның басты міндеті – бюрократияны және әкімшілік кедергілерді жою, ел заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді көрсету, сонымен қатар «бір терезе» қағидаты бойынша өтініштерді қабылдау мен нәтижелерін халыққа беру жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру. Сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтерді көрсетуді қамтамасыз ету де бар.

Мемлекеттік тізілімге сәйкес, қызметтердің жалпы саны 687-ні құрайды. Оның 659-ы корпорация тарапынан жүзеге асса, 629-ы «Электрондық үкімет» порталы арқылы көрсетіледі. Жамбыл облысында бұл қызметтерді көрсетуге 16 фронт-офис қатысады. Жыл басынан бері өңірде 471 228 қызмет көрсетілсе, оның 1 236-сы электронды негізде ұсынылды. Осы сандарды өткен жылдың осы кезеңімен салыстыратын болсақ, 347 545 қызмет көрсетілгенін байқаймыз. Ал оның 1 349-ы электронды негізде іске асқан. Яғни әлем елдерінде орын алған пандемиялық ахуалға орай енгізілген карантиндік шаралардың енгізілуіне байланысты 2020 жылдың сәуір және мамыр айларында халыққа қызмет көрсету орталықтары толық онлайн түрде жұмыс атқарды, - деп атап өтті жауапты маман.

Ол Тараз қалалық №1 бөлімде мемлекеттік қызметтерді электрондық түрде дұрыс алуды үйрететін 1414 Бірыңғай байланыс орталығы мен №2 халыққа қызмет көрсету бөлімінде «Электрондық үкімет» порталы арқылы онлайн қызмет көрсететін және азаматтарды мобильдік базаға тіркейтін бейне-ассистенттерге арналған сектор ашылғанын атап өтті. Биыл Бірыңғай байланыс орталығы операторлары 130 940 қоңырау қабылдап, тұрғындарға кеңестер берген. «Электрондық үкімет» арқылы онлайн қызмет көрсететін және азаматтарды мобильдік базаға тіркейтін бейне-ассистенттерге арналған секторы арқылы барлығы 192 748 бейнеқоңырау қабылданып, 95 485 азамат мобильдік базаға тіркеліпті.

Қазір жеке және заңды тұлғалар үшін «Электрондық үкімет» порталында ЭЦҚ алу үшін «ЭЦҚ қашықтықтан алу» сервисі іске қосылды. Интернет желісі мен веб-камера болса жеткілікті, ЭЦҚ-сы кез келген жеке және заңды тұлға ала алады. Жүргізушілердің ыңғайлылығы үшін де Тараз қаласының мамандандырылған бөлімінде еgov.kz «Электрондық үкімет» порталында өтінім беру арқылы мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері мен көлік құралын тіркеу туралы куәлікті үйіне дейін жеткізу сервисін, халыққа қызмет көрсету бөлімдерінде қызмет алушылардың құжаттарын үйіне дейін жеткізу сервисін, сондай-ақ «Сіздің жеке менеджеріңіз» бизнес жобасын іске қостық, - деді филиал басшылығының өкілі.

Медетбековтің айтуынша, мемлекеттік корпорация азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыру бағытында көптеген жұмыстар атқаруда. Мәселен, азаматтардың өз беттерінше қызметтерді алуы үшін ведомство жергілікті әкімдіктерімен бірлесіп, фронт-офистерден тыс, емханаларда, кітапханаларда, әкімдіктердің ғимараттарында өзіне-өзі қызмет көрсету секторларын іске қосқан. Қазір Тараз қаласында 11 өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары жұмыс істейді. Жамбыл облысындағы 10 ауданда да жоғарыда аталған мекемелерде барлығы 255 өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары ашылған.

Электрондық көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді және сервистерді азаматтар тарапынан өз бетінше алу мүмкіндігін ары қарай дамыту мақсатында аймақта «Қазпошта» АҚ филиалымен бірлесіп, бөлімшелердің негізінде қызмет көрсетудің әмбебап аймақтарын ашу бойынша Жол картасы әзірленді. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін «Қазпошта» АҚ филиалы бөлімшелерінің қызметкерлерін оқыту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар бүгінде кез келген мемлекеттен көшіп келген азаматтың ел аумағында жұмыс істеуіне рұқсат алуы үшін көші-қон органдарына жүгінбей-ақ, филиалдың қалалық және аудандық халыққа қызмет көрсету бөлімдерінен аталған қызметті алуына мүмкіндіктері бар. Бұл қызмет түрі электрондық түрде де көрсетіледі және толығымен автоматтандырылған, - деп атап өтті жауапты маман.

Оның сөзінше, өңірдегі шалғай орналасқан елді мекен тұрғындарына да ерекше назар аударылған. Айталық, арнайы бекітілген кестеге сәйкес, мобильды Халыққа қызмет көрсету орталықтары ауылдарды аралайды екен. Биылдың өзінде осындай топтар арқылы 38 мыңға жуық қызмет көрсетілген.

Тағы да айта кетерлігі, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары санатына жататын отбасыларға барып қызмет көрсету мақсатында «Help desk» бағдарламасы жасалды. Бұл жобаның аясында біздің мамандарымыз 1 және 2-топтағы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың, мүгедек балалардың, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің және 70 жастан асқан егде жастағы қариялардың шаңырақтарына барып, мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге қатысты көмек береді. Ал фронт-офистерімізде жоғарыдағы санаттағы азаматтарға кезексіз қызмет көрсетуге арналған «жеңілдік терезелеріміз» бар. Ағымдағы жылы біздің қызметкерлеріміз мүмкіндігі шектеулі азаматтарға 1 162 рет барып, 1 504 қызмет түрін көрсетті, - деді филиал басшысының орынбасары.

Данияр Медетбековтің мәліметіне сүйенсек, 14 маусымнан бастап Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес филиалдың қалалық және аудандық фронт-офистеріне кіру үшін «Ashyq» мобильді қосымшасы арқылы азаматтардың мәртебесі тексеріліп, мемлекеттік қызметтер көрсетілуде. Алдағы уақытта да азаматтардың ыңғайлылығына бағытталған жобалар іске асырыла береді.

Өзгелердің жаңалығы