Карантин: Полицей адамдардың еркін жүріп-тұруы үшін 1 млн теңгеден астам пара алған

23 Сәуір 2020, 15:50
1763
Бөлісу:
Карантин: Полицей адамдардың еркін жүріп-тұруы үшін 1 млн теңгеден астам пара алған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Солтүстік Қазақстан облысында аудандық полиция бөлімшесі бастығының бірінші орынбасары 1 миллион 300 мың теңге пара алды деген күдікке ілінді. Бұл туралы онлайн брифингіде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аппарат басшысы Қуаныш Жапақов мәлім етті.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті полицияның жеке күзет бөлімімен бірлескен іс-шаралар жүргізу барысында учаскелік полиция бөлімшелерінің бірінде бастықтың бірінші орынбасары 1 миллион 300 мың теңге көлемінде пара алды деген күдікпен ұстады. Ол осы ақшаға төтенше жағдай кезінде ауданда бірнеше адамның кедергісіз жүруіне рұқсат берген, - деді Қуаныш Жапақов.

Сондай-ақ, Петропавл әкімдігінің қызметкері блок-посттан автокөлік өткізгені үшін пара алды деген күдікке ілінді.

Департамент Петропавл қаласы әкімдігінің лауазымды адамына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Ол COVID-19 коронавирустық инфекциясы таралуының алдын алу жөніндегі облыс әкімдігі жедел штабының мүшесі екені анықталды. Аталған адам карантиндік блок-посттар арқылы автокөліктің кедергісіз өтуіне рұқсатнаманы рәсімдегені үшін 50 мың теңге сомасында пара алды деген күдікке ілінді. Бұл блок-посттар Петропавл қаласынан шығатын жолдарда орнатылған, - дейді аппарат басшысы.

Өзгелердің жаңалығы