Карантин: Нұр-Сұлтанда соңғы аптада 722 заң бұзушылық тіркелді

13 Тамыз 2020, 04:15
1516
Бөлісу:
Карантин: Нұр-Сұлтанда соңғы аптада 722 заң бұзушылық тіркелді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Соңғы бір аптаның ішінде елордада 722 заң бұзушылық тіркелген. Әкімдіктің ресми сайтында хабарланғандай, қалада карантин тәртібін сақтауға қатысты рейдтер әлі де жалғаса бермек.

Тексеру кезінде 11 тамыз күні түнде Ерімбетов көшесінде "Шашлык" және "Белый дом" кафелері жұмыс істеген. Полиция, эпидемиологтар, еріктілер, жергілікті атқарушы органдардың өкілдерінен құралған мобильді топ келген кезде мекемеде 11 клиент болған.

Сондай-ақ, Балқантау көшесіндегі "Кентау", Сарыарқа даңғылындағы "Асқар" дүкендерінің түнгі 22.00-ден кейін жұмыс істеп, бас санитарлық дәрігердің шешімін бұзғаны анықталды. Күндізгі тексеру кезінде Достық көшесіндегі "Карима" мейрамханасында да келушілердің әлеуметтік қашықтықты сақтамағаны белгілі болды.

Бұдан бөлек, жалға алушылардан балалар автокөліктерін жалдауға және елордалық саябақтардың бірінде балмұздақ сатуға қатысты бұзушылықтар анықталған.

Барлық заң талаптарын бұзушыларға қатысты материалдар жиналып, шешім қабылдау үшін тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жіберілді. 5 шілдеден бастап Нұр-Сұлтан қаласында 722 заң бұзушылық тіркелді. Олардың 487-сі – тыйым салынған уақытта қызметін жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілері, - деп хабарлады Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті.

Тәртіп сақшылары азаматтарға карантин шараларын бұзғаны үшін жауапкершілік барын ескертеді және баршаны санитарлық нормаларды сақтауға шақырады.

Өзгелердің жаңалығы