Карантин: Халық пен бизнеске қандай қолдау көрсетілді?

15 Наурыз 2021, 13:40
2621
Бөлісу:
Карантин: Халық пен бизнеске қандай қолдау көрсетілді?
EX

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қардың көбесі сөгілді деп, көңілі көктемді аңсап жүрген жұрт бір-ақ күнде төрт қабырғаға қамалып еді. Осыдан тұп-тура бір жыл бұрын.

15 наурызда елде коронавирус жағдайының тіркелуіне байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдай жариялау туралы Қаулыға қол қойған болатын.

Сонда16 наурыздан 15 сәуірге дейін сауда орталықтары мен базарлар жабылып, бизнестің жұмысына шектеу қойылып, мекемелер қашықтан жұмыс істеуге көшіп жатқанда көптің көкейінде туған басты сауал – «қайтіп жан сақтаймыз?» болғаны рас. «Үйден шықпа, жақыныңа жанашыр бол» деген сөздер құлаққа күні-түні құйылып жатқанымен, нағыз жанашырлықты халық жоғарыдан күтті...

Ұзамай несиені кейінге шегеру мен 42500 теңгенің әлеуметтік көмегін көрсету, бизнесті қолдауға қатысты Президент пәрмен беріп, көптің тілегі қабыл болды. Содан...

Сан соғып... сауат ашылды

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қарыз алушылар үшін төлем мерзімі 2020 жылдың 16 наурызы мен 15 маусымы аралығында кейінге шегерілетінін жариялады. Алайда ол да жалпыға бірдей берілген мүмкіндік емес еді. Оны карантиннің енгізілуіне байланысты жұмысынан айырылғандар, жалақысы төленбейтін еңбек демалысына шыққандар, еңбекақысы қысқарғандар мен тоқтатылғандар пайдалана алды. Банктер арызды онлайн қабылдаймыз дегенмен, онлайнға әлі еті үйренбеген халықтың көбі карантинге қарамай банкке ағылды.

Несиесін шегеру туралы арызды жазуын жазып, артынша өкінгендер де болды. Сол кезде желіде бұл тақырып қызу талқыланып жатты. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қабылдаған нормативтік-құқықтық актіде екінші деңгейлі банктер мен кредиттік ұйымдардың несиенің негізгі қарызы мен сыйақы мөлшерлемесін төлеу мерзімі үш айға шегерілетіні туралы жазылған. Мұны несиенің сыйақы мөлшерлемесі кешіріледі деп түсінді көп жұрт. Үш айдан соң несиенің негізгі қарызы мен пайызын айыппұлсыз төлеу қажет болғанмен, сыйақы мөлшерлемесі керісінше өсетінін ескермеді. Көптің қаржылық сауаты, осылайша, «сан соғумен» ашылды. Қаржы нарығын реттеу агенттігінің мәліметіне сүйенсек, 2020 жылғы 28 сәуірдегі жағдай бойынша 1 661 232 жеке тұлғаның 237,4 млрд теңге төлемдері тоқтатылған, оның 299 363-ы әлеуметтік жағынан аз қамтылған санатқа жатады. Сонымен қатар 11 561 шағын және орта кәсіп субъектісінің 138,8 млрд теңге несиесі кейінге шегерілді.

42500 теңге: алған да, алмаған да арманда болды

Төтенше жағдай енгізіле сала елде вирустың емес, сол әлеуметтік төлемнің әлегі басым болатын. Шектеу шараларына байланысты табысынан айырылғандарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан ең төменгі жалақы – 42500 теңге көлемінде бірреттік төлем жасау туралы қаулы шығысымен оны алуға ниеттілердің көп болғаны сонша, төлем үшін жасалған арнайы 42500.enbek.kz платформасы арыздардың көптігіне шыдас бермей, «мың өліп, мың тірілді». Елде төтенше жағдайдың жариялануына байланысты табысынан айырылған шағын және орта, ірі кәсіпкерлік субъектілерінің жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлеріне, жеке кәсіпкерлерге, жеке практикамен айналысатын адамдарға тағайындалған болатын. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бекіткен талапта нақтылық болмады ма, алғашқы тәжірибе болғандықтан жүйенің шикілігі себебінен бе, әйтеуір өтініш бергендер арасында о дүниелік болып кеткендер де, «шалқып» өмір сүріп жүргендер де, шетелде тұрып жатқандар да бар болып шықты. Осының салдарынан төлем кешігіп, желі «жанайқайға» толып кетті. Сол кездегі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов төлемнің кешігуін кейбір азаматтардың асығыстық танытып, өтінішті бірнеше рет жіберіп, жүйеге салмақ түсіруі, құзырлы мамандардың оларды тексеруге уақытын сарп етуімен, мәліметтердің дұрыс толтырылмауымен, есепшоттарда қателердің кетуімен байланыстырған болатын. Бума-бума құжатпен кеңселердің табалдырығын тоздырып үйренген халық төтенше жағдай кезінде бір батырмамен мәселесін шешуді де үйренді, оған мүмкіндігі келмегендер, оның ішінде шын мұқтаждар жәрдемнен қағылды. Осылайша, 42500 теңгені алғандар да, алмағандар да арманда болды. Бірі тағы бір «бағын сынап» көргісі келіп, енді бірі «тисе – терекке, тимесе – бұтаққа» принціпіне ілініп кетсем екен деп.

Әлеуметтік төлемді заңсыз алған ел азаматтарының біразының «ұяты оянып», тағы бір тобы «қудалайды екен» деген қауесеттен қорқып, қайтаруға ниет білдірді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі төлемді заңсыз алғандар жауапқа тартылмайтынын айтты. Дегенмен қайтаруға ниеттілер үшін екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшасына заңсыз қаражатты қайтаруға мүмкіндік беретін функцияны іске қосты.

Жазда қарантин уақыты тағы ұзартылғанда әлеуметтік төлем екінші мәрте жасалды. Алайда ол кезде алғашқыдай дүрбелең болмады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, әлеуметік табысынан айырылуына байланысты төлем төтенше жағдай режимі кезінде (2020 жылғы 16 наурыздан 11 мамырға дейін) 322 млрд теңге сомасында 4,6 млн адамға, ал карантиндік шектеу шаралары кезінде (2020 жылғы 5 шілдеден 17 тамызға дейін) 153,2 млрд теңге сомасында 2,4 млн адамға тағайындалды.

Карантин кәсіпкерлердің қабырғасына қатты батты

Елімізде 1,6 млн адамның бизнесі қызмет көрсету, туризм, мейрамханалар мен дәмханалар желісімен байланысты. 856 мың жеке кәсіпкер, миллионға жуық микробизнес өкілдері, 1168 ірі бизнес субъектісі бар. Бес мыңнан астам орта бизнес, екі мыңнан астам шағын бизнес тіркелген. Бұл мәліметті «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов келтірген болатын. Оның айтуынша, бизнестің барлығы, демек, миллионға жуық кәсіпкерге карантиннің салдары қабырғаларына батты. Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шағын және орта бизнестің тұралап қалмауына барынша жағдай жасау керектігін Төтенше жағдай енгізіле сала тапсырды. Соның ішінде салық жүктемесін азайту мәселесі көтерілді. Нәтижесінде экономиканың көбірек зардап шеккен салаларындағы шағын және орта бизнес иелері үшін еңбекақы төлеу қорынан аударымдар мен салық төлеу 6 айға алынып тасталды, кейіннен ол жыл соңына дейін ұзартылды. Мемлекет басшысының «Экономиканы тұрақтандыру жөніндегі одан арғы шаралар туралы» Жарлығына сәйкес бизнесті қолдау бойынша салықтық ынталандырулар қабылданды. Олар саудадан бастап туристік бизнеске дейінгі экономиканың түрлі секторларын қамтыды. Төтенше жағдай кезінде кәсіпкерлерге ұсынылатын жеңілдіктер немесе салық каникулдары жыл соңына дейін шағын және орта кәсіпкерлік үшін салықтардың барлық түрін, басқа да міндетті төлемдер мен әлеуметтік төлемдерді төлеуді кейінге шегеру мүмкіндігі берілді. Қазіргі күні қолдау шаралары әлі де жалғасып келеді, көптеген кәсіпкерлік иелеріне санитарлық талаптарды сақтай отырып жұмыс істеуге рұқсат берілді.

Жеңілдетілген несие мен субсидия беріле бастады

Ұлттық Банк Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасын әзірледі. Бұл бағдарламаны жүзеге асыру үшін шағын, орта кәсіпкерлік субъектілеріне және жеке кәсіпкерлерге екінші деңгейдегі банктерге шартты салымдарды орналастыру арқылы 600 млрд теңге бөлінеді. Бизнесті қолдау тетігі екінші деңгейлі банктердің төтенше жағдайды енгізу нәтижесінде зардап шеккен жеке кәсіпкерлерге, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне айналым капиталын толықтыруға 12 айға дейінгі мерзімге, жылдық 8%-дан аспайтын мөлшерлеме бойынша жеңілдікті несиелер беру жолымен іске асырылады. Екінші деңгейлі банктердің қаражатты игеру мерзімі 3 айды құрайды. Шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін шектеу 3 млрд теңгеге дейін, жеке кәсіпкерлер үшін 50 млн теңгеге дейін қойылады. Бұдан өзге, «Бизнестің жол картасын» іске асыруға қосымша 84,5 млрд теңге бағытталды. Кәсіпкерлердің несиелері бойынша субсидиялау мен кепілдік беру арқылы кәсіпкерлікті қолдау шараларын күшейту жүзеге асырылды. Сонымен қатар «Еңбек» бағдарламасын жүзеге асыруға 50 млрд теңге сомасында қосымша шығындар қарастырылған. Соның нәтижесінде жаппай кәсіпкерлікті дамыту, халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауды қоса алғанда, еңбек делдалдығы мен дағдыларының тиімді моделін құру жалғастыру көзделген. Шағын және орта бизнесті қолдауда «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ға жүктелді.. Өткен жылы қор арқылы 7,4 млрд теңгенің 1726 жобасы қаржыландырылды. Оның ішінде кепілдік сомасы 27 млрд теңгені құрайды. Ал карантин кезінде қор арқылы 521 жобаның несиесі кепілдендіріліп, төрт мыңнан астам жоба субсидияланды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында экономиканың зардап шеккен секторларындағы ШОБ-тің барлық қолданыстағы несиелерінің мөлшерлемесін жылына 6%-ға дейін мемлекет тарапынан субсидиялау тапсырылды. «Даму» қоры осы бағдарлама бойынша қаржы агенті және экономиканың неғұрлым зардап шеккен салаларындағы кәсіпкерлердің несиесін субсидиялайды.


Өзгелердің жаңалығы