Қарағандылық шенеунік дүркіретіп той ұйымдастырғаны үшін қызметінен босатылды

9 Тамыз 2021, 10:16
3327
Бөлісу:
Қарағандылық шенеунік дүркіретіп той ұйымдастырғаны үшін қызметінен босатылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысында карантин кезінде той өткізуге тыйым салуды елемеген шенеунік жұмыстан босатылды, деп хабарлады Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі. 

Бұл туралы өңір басшысы Жеңіс Қасымбек онлайн режимінде өткен аппараттық кеңесте мәлімдеді.

Бүгінгі күннен бастап Жер қатынастары басқармасының басшысы Мақсұтов Қалел Мұқатайұлы карантинді өрескел бұзуы, яғни пандемия кезінде той шараларын ұйымдастыруына байланысты қызметінен босатылды. Тағы да ескертемін: мұндай заңсыздықтар үшін жаза өте қатал болады. Мұнда мемлекеттік қызметшінің қызметтік этикасының барлық нормалары бұзылған. Облыста коронавирустық инфекцияға қарсы іс-қимыл бойынша жүргізіліп жатқан үлкен жұмысты құнсыздандырмаңыздар. Тұрғындардың көңілін қалдырмаңыздар. Мәртебелеріңіз немесе жұмыс орнына қарамастан әрекеттеріңізге жауап бересіздер, - деді ол. 

 Жеңіс Қасымбек сондай-ақ мониторингтік топ мүшелерін принциптілікке шақырды. 

Сіздер біреудің мүддесі үшін жұмыс істеу үшін емес, азаматтардың денсаулығын қорғау үшін құрылғансыздар! Осындай іс-шараларды тоқтатып, жария етіңіздер. Сіздер өздеріңіз бақылау камераларына қарай отырып жұмыс істейтіндеріңізді айтқан болатынсыздар. Сондықтан мұқият қараңыздар. Салынған тыйым барлығына бірдей, - деп атап өтті облыс әкімі. 

Оқиға 7 тамызда болған. «109» нөміріне «Ариста» мейрамханасында жаппай іс-шара өткізіліп жатқаны туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына Қарағанды қаласының полиция, санэпидбақылау және әкімдік қызметкерлерінен тұратын мобильді топ шыққан. 

Мекеменің жанында көптеген көлік болғандықтан және мейрамхананың өзінде 400-ге жуық адам болғандықтан, аумақты қоршау үшін полицияның қосымша наряды шақырылды. Карантин режимін бұзу фактісі бойынша СЭҚ қызметкерлері акт ресімдеді. Мекеме иесіне және іс-шараларды ұйымдастырушыларға айыппұл салынады. 

Естеріңізге сала кетейік, қарағандылық шенеунік 500 адам шақырып, той жасамақ болғанын жазған едік, кейін әкімдік тойға қатысты түсініктеме берген еді.

Өзгелердің жаңалығы