Қарағандыда наурыз мерекесі жаңа форматта атап өтілді

18 Наурыз 2021, 18:19
2125
Бөлісу:
Қарағандыда наурыз мерекесі жаңа форматта атап өтілді

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағандыда әскери қызметшілер мен мәдени сала қызметкерлерінің бірлесуімен Наурыз мейрамы ерекше форматта тойланды. Әз-Наурызды мерекелеудің онкүндігіне орай ұйымдастырылған шарада салт-дәстүрді жандандыру мен сананы жаңғыртуға көңіл бөлінді. 

Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінде «Білім және даналық күні» атауымен өткен шараны мәдениет саласының қызметкерлері мен Қарағанды облысы Қорғаныс істері жөніндегі Департаменттің мамандары бірлесіп ұйымдастырған.

Қарағандыда наурыз мерекесі жаңа форматта атап өтілді

Тарихы тереңінен бастау алатын Наурыз мейрамы еліміздің барлық аймағында тойланады. Бұл мейрам еліміздегі ұлттар мен ұлыстар арасындағы бейбітшілік пен достықты нығайтып, ұлттық бірегейлікті сақтап, сондай-ақ отбасылық құндылықтарды дәріптеу мен қоршаған ортаға деген құрметті қалыптастырады. Бейнелеу өнері мұражайында Наурыз мейрамын атап өтудің онкүндігі аясында ұйымдастырылған «Білім және даналық күні» атты шараның жас ұрпаққа берері көп деп ойлаймын. Сол себепті болашақта мұндай іс-шаралар әлі де жалғасын табады деген сенімдеміз, - дейді Қарағанды облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары подполковник Мұхтар Қайшатаев.

Бейнелеу өнері мұражайы мерекеге орай жәдігер ретінде қазақ халқының көне бұйымдары көрермен назарына ұсынды. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында қытымыр қыстың қаһары қайтып, малдың аузы көкке, қора төлге толып, адам аузы аққа тиетін кезде тойланатын бұл мейрамның орны бөлек дейді мұражай қызметкерлері.

Қарағандыда наурыз мерекесі жаңа форматта атап өтілді

Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің мамандары мен музей қызметкерлері бірлесе өткізген жаңа форматтағы мерекелік шарада Әз-Наурызды ұжымдық көлемде, ауызбіршілік деңгейінде атап өтуге жоғары мән берілді. Ұлыстың ұлы күніне арналған шара барысында мұражайға келген әскерилер көрмені тамашалап, олар да өз кезегінде ән мен жырдан шашу шашты. Бұл күні салт-дәстүрді жандандыру мен сананы жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінді. Мұражай ұсынған көрмеде киіз үй жабдықтары, түрлі ұсталар мен шеберлердің қолынан шыққан бұйымдар топтастырылған, - дейді мұражайдың ғылыми қызметкері Назерке Жартын.

Өзгелердің жаңалығы