Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағандыда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолдау көрсету басты назарда. 2020 жылы 351 азамат еңбекке араласып, 6 адам жеке кәсібін бастаған. Мүгелек жандарды ыңғайлы инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселесі де күн тәртібінде.
Мүгедек азаматтарды жұмыспен қамту жоспары 2020 жылы толығымен орындалған. Бұл жайында қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік мәселелер бөлімінің басшысы айтты.
Өткен жылы бізге 377 азамат жұмысқа орналастыру мәселесі бойынша қолдау көрсетуді сұрады. Олардың 336-сы «Еңбек» бағдарламасы бойынша жұмыспен қамтылды. Кәсіпкерлерді қолдау бастамасы аясында бір адам 8 млн теңге шағын несие алды. Аталған азамат қонақүй саласында қызмет көрсету ісін бастады. Сонымен қатар жеке кәсіпкерлікпен айналысу үшін 5 адам қайтарымсыз грант алды. Гранттардың жалпы соммасы 2 млн 800 мың теңге. Квота бойынша 15 адам жұмыспен қамтылды. Осылайша жұмыспен қамту бойынша 2020 жылға жоспар толығымен орындалды, - дейді Қарағанды қаласы бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік мәселелер бөлімінің басшысы Жанат Искаков.
Оның айтуынша, ағымдағы жылы 336 мүмкіндігі шектеулі адамды жұмысқа орналастыру жоспарлануда. Квота бойынша 94 жұмыс орны қарастырылған.
Нысандардың мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолжетімділігі мәселесі де күн тәртібінде.
Бөлім басшысының айтуынша, 2012-2018 жылдары қаладағы нысандардардың мүгедек жандардың қозғалысына бейімділігі бағаланған. Қарағанды қаласы бойынша 338 нысан паспортаудан өткен, олардың 214-і бейімдеуді қажет еткен. 2019 жылы аталған нысандар мүгедек жандардың қозғалысына бейімделіп, олар Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің қолжетімділік картасына енгізілген.
Қазір қала бойынша 32 бейімделмеген нысан бар. Оның 32-сі Қазыбек би, қалған төртеуі Октябрь ауданында. Қала әкімнің тапсырмасына сай ай сайын проблемалық сұрақтар бойынша қоғамдық бірлестіктердің өкілдерімен кездесу өткіземіз. Теміржол және автовокзал ғимараттарының қолжетімділігі мәселесі қаралған болатын, - деді Жанат Искаков.
Қазір қалада 176 арнайы жол белгісі, сонымен қатар көзі нашар көретіндерге арналған жаяу жүргіншілер жолы, дыбыстық бағдаршамдар, мүгедектерге арналған тұрақ орындары, пандустармен жабдықталған 100 автобус бар.
2021-2023 жылдары мүгедек жандардың құқығын қорғап, олардың лайықты еңбек етулеріне, жұмыспен қамтылуына және экономикалық тұрғыдан тәуелсіз болуына септесетін орталық ашу жоспарлануда. Аталған жобаны іске асыру үшін 90 млн теңге бөлінген, - дейді бөлім басшысы.
Дегенменде мүмкіндігі шектеулі тұрғындар үшін қалада мүгедектер арбасымен қозғалу қиындық тудыруда, нақтырақ айтсақ, кейбір азық-түлік дүкенінде, дәріханаларда пандустардың болмауы немесе дұрыс жасалмауы сияқты мәселелер әлі де өзекті болып қалуда.