Қарағанды мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолайлы болуы қажет – әкім

23 Қазан 2020, 14:02
2165
Бөлісу:
Қарағанды мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолайлы болуы қажет – әкім

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қала әкімі Ермағанбет Бөлекбаев мүгедектер арбасына таңылған қала тұрғындарының проблемаларына көңіл бөліп, оларды дер кезінде шешуді жолға қоймақшы.

Бүгінде облыс орталығында 24 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адам бар. Қала басшысы мен қоғамдық бірлестік өкілдерінің онлайн форматтағы жиналысында мүгедек жандардың мәселесі көтерілді.

Жиын барысында ерекше қамқорлықты қажет ететін адамдарға берілетін гигиеналық құралдардың, ортопедиялық жабдықтар мен аяқ киім және басқа да заттардың сапасы жайлы айтылды. Мүмкіндігі шектеулі жандардың мұндай мәселелерімен айналысу жайлы әлеуметтік қорғау бөлімінің жетекшісіне тапсырма бердім. Жиналыста 26 сұрақ қойылып, оның барлығы бақылауға алынды, - деді қала әкімі Бөлекбаев.

Қоғамдық бірлестік өкілдері ерекше балаларды асырап алу процесінде қиындықтардың көп екендігін, бұл рәсім өте ұзақ жүретіндігін және бұл уақытта ата-аналар мемлекеттен ешқандай көмек алмайтындығын айтты. Сонымен қатар инватакси, қоғамдық көлік, жеңілдікпен берілетін жол жүру құжаты, электронды қолтаңба алу жайлы, пандус, жиектас, жаяу жүргіншілер жолы сияқты әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының қолжетімділі мәселелер сөз болды.

Мемлекеттік емес ұйым өкілдерінен бірқатар ұсыныс түсті. Мысалы, мүгедектердің ыңғайлылығы үшін ірі нысандарда шақырту батырмасын орнату, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін мәдени орталық құру. Жиынға қатысушылар нақты ұсыныстарын айтып, қоғамға пайдалы жобаларын ұсынды. Мұндай кездесулерді жиі ұйымдастырып отыруды жоспарлап отырмын. Қала мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы болып, барлық кедергі шешімін табу үшін осындай кездесулердің маңызы зор деп ойлаймын, - деді қала басшысы.

Қарағанды облысы әкімінің айрықша күтімді қажет ететін тұлғалардың мәселелері бойынша штаттан тыс кеңесшісі Нияз Сүндеталиев қалалық әкімдікке де осындай кеңесші алуға кеңес берді. Бұл қызметке көптеген жыл бойы мүгедектердің мәселесін көтеріп жүрген Әсел Бекбаева тағайындалды.

Қарағанды бұл жай қала ғана емес, облыс орталығы. Қаладағы басты байлық адамдар, олардың арасында мүгедек жандар да бар. Облыс орталығында 24 мыңға тарта мүгедек адам тұрады. Қала әкімінің бұл мәселеде ашықтығы қуантады. Тіпті оның құзырына жатпайтын проблемалық сұрақтарды облыс деңгейінде сұраныс жіберу арқылы шешетіндігін айтты, - дейді Нияз Сүндеталиев.

Еске салайық, Ермағанбет Бөлекбаев Қарағанды қаласының әкімі болып осыдан бір ай бұрын тағайындалған болатын. Бұған дейін бұл лауазымда 6 жыл бойы Нұрлан Әубәкіров отырған еді.

Өзгелердің жаңалығы