Қарағанды аттракционындағы төбелес: Екі келіншек айыппұл арқалауы мүмкін

2 Маусым 2021, 22:07
8349
Бөлісу:
Қарағанды аттракционындағы төбелес: Екі келіншек айыппұл арқалауы мүмкін
VIDEO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағандыда полицейлер Орталық мәдениет және демалыс саябағында төбелес ұйымдастырғаны үшін екі әйелге қатысты әкімшілік хаттама толтырды, деп хабарлады Polisia.kz.

1 маусым күні Қарағанды қаласы ПБ Михайловский полиция бөліміне орталық мәдениет және демалыс саябағында төбелес болып жатқандығы туралы хабарлама келіп түсті. 

Оқиға орнына патрульдік полиция полкінің жаяу наряды келді. Тәртіп сақшылары демалыс орнында тәртіпсіздікке жол беріп, шу шығарған екі тұрғынды анықтады – олар 32 және 34 жастағы екі әйел болды. 

Азаматшалар мән-жайды әрі қарай тексеру үшін Михайловский ПБ-ға жеткізілді. 


 

Әйелдер олардың арасында түсініспеушілік болғанын, алайда полиция қызметкерлері келгенге дейін жанжал бейбіт жолмен шешілгенін түсіндірді. Осы факті бойынша екі тараптың да бір-біріне шағымдары жоқ екені, ешкімнің сотқа жүгінгісі келмейтіні анықталды. Жанжалға қатысушыларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы «ұсақ бұзақылық» бойынша әкімшілік хаттама толтырылды, - деп хабарлады ПД баспасөз қызметі.  

Полицейлер аттракцион келушілері мен кассирлер арасындағы үш қақтығыстың алдын алғанын атап өтті. Сонымен қатар өзін нашар сезінген екі жүкті әйелге жедел жәрдем шақырылды. 

Сондай-ақ аталған саябақта полиция қызметкерлері карантин кезеңінде қажетті қашықтықты сақтамағаны үшін түрлі тауарларды сатумен айналысатын бес жеке кәсіпкердің тарапынан бұзушылықтарды анықтады. Материалдар СЭС-тің қарауына жіберілді. 

Жалпы 1 маусымда Михайловский ПБ Орталық мәдениет және демалыс саябағынан 25 хабарлама келіп түсті. Оның төртеуі екі жастан жеті жасқа дейінгі балалардың жоғалғандығы туралы. Олардың барлығы табылды және ата-аналарына тапсырылды. 

Айта кетейік, мереке күні Қарағанды саябағында орын алған өрескел заң бұзушылықтардан кейін бірнеше шенеунік қатаң сөгіс алып, саябақ директоры жұмысынан босатылады. Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек Қарағандының орталық саябағында карантиндік нормалардың өрескел бұзылғаны үшін бірқатар шенеунікті жазалауды тапсырды.

Өзгелердің жаңалығы