Қандай жағдайда балаға коронавирусқа қарсы екпе салынбайды?

12 Қараша 2021, 14:50
1343
Бөлісу:
Қандай жағдайда балаға коронавирусқа қарсы екпе салынбайды?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы елордалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы Айжан Амангелдиева хабарлады. 

Оның айтуынша, балаға вакцина салынбас бұрын арнайы тексерістен өткізіледі.

Егер дәрігер баланы тексеру кезінде созылмалы аурудың қозғанын анықтаса немесе дене қызуы көтерілсе, вакцинаның құрамына кіретін компоненттерге аллергия болса, екпе салынбайды, – деді ведомство басшысы.

Сонымен қатар Даун синдромы, церебралды сал ауруы (ДЦП) және өзге де диагнозы бар балаларға екпе салу-салмау денсаулық жағдайына қарай шешіледі.

Қазіргі уақытта елорда мектептерінде сауалнама жүргізіліп жатыр. Сауалнаманың қорытындысы бойынша вакцина қажетті мөлшерде үлестіріледі деп отыр мамандар.

Сауалнамада балаңыздың қай жерде: мектепте немесе емханада екпе алғанын қалайсыз? деген іспеттес сұрақтар бар. Сондай-ақ ата-анасынан баласының вакцинациялану процесіне қатысқысы келе ме деп сұраймыз. Егер олар екпе алу сәтінде баланың жанында болғысы келсе, мектепке кіргізеді, – деп түсіндірді Айжан Амангелдиева.

Еске сала кетейік, бұған дейін елордалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әлия Рүстемова балалар үйінің тәрбиеленушілеріне вакцина салынуы мүмкін бе? деген сұраққа жауап берген болатын.

Өзгелердің жаңалығы