Қандастар қандай жерді жалға ала алады? Мәжілісте заң жобасы таныстырылды

7 Сәуір 2021, 11:02
4089
Бөлісу:
Қандастар қандай жерді жалға ала алады? Мәжілісте заң жобасы таныстырылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасын таныстырды.

Министр атап өткендей, кәсіпкерлік қызметті дамыту мақсатында ауыл шаруашылығы жерлерін экономикалық айналымға енгізу үшін 2015 жылы 1 қаңтардан бастап ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік компанияларға, шетелдік үлесі бар қазақстандық компанияларға жалға беру туралы 2014 жылғы 24 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ҚР-да кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды түбегейлі жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды.

2015 жылы 2 қарашадағы «ҚР-ның Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңмен ҚР азаматтары және заңды тұлғаларына ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін тек қана жекеменшік құқығымен беру, сонымен қатар қандастарды шетелдік азаматтар құқығымен теңдестіре отырып, оларға жерлерді жалға беру туралы Жер кодексіне тиісті өзгерістер енгізілді. Алайда, еліміздің егемендігін нығайту және халықтың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қазақстандықтардың пікірін ескере отырып, 2016 жылы 6 мамырда Президент Жарлығымен ауылшаруашылығы жерлерін шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік компанияларға, шетелдік үлесі бар қазақстандық компанияларға жалға беруге, бұдан басқа ҚР азаматтары мен заңды тұлғаларына ауыл шаруашылығы жерлерін жекеменшікке беруге қатысты мораторий енгізілді, - деп түсіндірді Омаров.

Мораторий мерзімі 2021 жылы 31 желтоқсанда аяқталады. Осыны ескере отырып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға, жалға беруге заң жүзінде біржола тыйым салуды тапсырды.

Тиісті заң жобасы әзірленіп, 15 наурызда Мәжіліске енгізілді.

Ұсынылған заң жобасымен ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге және шетелдік компанияларға, шетелдік үлесі бар қазақстандық компанияларға, азаматтығы жоқ адамдарға, халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтарға, қандастарға беруге толық тыйым салу көзделген.

Сонымен қатар заң жобасында бұған дейін шетелдіктермен және шетелдік үлесі бар қазақстандық компаниялар жалға алған ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану мерзімінің ұзартылмайтындығы және олардың пайдалану мерзімі аяқталғанға дейін ғана иелікте болатыны қарастырылған. Ал қандастар жеке қосалқы шаруашылығы, бау-бақша және саяжай құрылысы үшін жер учаскесін ала алады. Ауыл шаруашылығы жерлерін Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін ғана жалға алу мүмкіндігі бар, - деп атап өтті Ауыл шаруашылығы министрі Мәжілісте.

Заң жобасымен Жер кодексі және үш заңға, оның ішінде Көші-қон заңына өзгерістер енгізіліп отыр.
Өзгелердің жаңалығы