Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. «Dombyra» ұлттық телеарнасының шығармашылық тобы «Ұлы Дала сазы» жобасы аясында ел ішіндегі талантты өнерпаздарды насихаттау мақсатында Ақмола өңірінде түсірілім жұмыстарын бастады. Он бір күнге жоспарланған экспедиция жұмысы жайлы телеарнаның директоры Қанат Ержігіт айтып берді.
Тілші: Шығармашылық экспедицияның көздеген мақсаты не?
– «Dombyra» ұлттық телеарнасының жобасы «Ұлы дала сазы» деп аталады. Өлке-өлкені аралап,ел ішіндегі әнші-күйші, жыршы-термешілерді насихаттау. Біз қолға алып отырған жобаның негізін қалаушы – Алаш қайраткері – Сәкен Сейфуллин. Өз заманында арнайы қаражат бөлгізіп, Мәскеуден этнограф Александр Затаевичті арнайы шақырып, бүкіл қазақ даласын аралатып, Ұлы Даланың әуенін жаздырған. Қазақтың ән-күйін нотаға түсірген. Мұның өзі Алаш ардақтысының көрегенділігі деп білеміз. Түсірілім тобы бүкіл республиканың түкпір-түкпірін аралап, талантты орындаушыларды іздестіреді. Солтүстік өңір бойынша үлкен турды Ақмола облысынан бастап отырмыз. Сапарымыздың алғашқы күні көкшеліктер шығармашылық экспедицияны үлкен ықыласпен қарсы алып, «Достар» мәдениет сарайында ұлттық нақыштағы сахнаны безендіруге көмектесті. Көкше жері әрдайым таланттарымен танымал болған, сондықтан өзінің орындаушылық шеберлігін көрсетуге ниет білдірушілер көп болды. Кешегі Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай бабаларымыздан қалған ұлттық өнерді жандандырып, насихаттап келе жатқан өнерпаздарға алғысымыз шексіз. Негізі сапарымыз көктемге жоспарланған еді, елдегі карантин жағдайына байланысты жоспарымыз кейінге шегерілді. 11 күн бойы Ақмоланың екі қаласы мен тоғыз ауданында түсірілім тобы жұмыс істейтін болады.
Тілші: Орындаушыларға қойылатын талап қандай?
–Негізінен колледж, консерватория бітірген жастар келіп жатыр. Өнерпаздардың қай-қайсысы да кәсіби дайындықпен келген. Бұл жолы үлкен оркестрлерді жазатын құраммен келген жоқпыз. Шағын ансамбльдерді түсіреміз. Орындаушылардың жас ерекшелігіне шектеу қойылмайды. 80-90-дағы адамдар келіп жазылып жатыр. Бірнеше апта бойы шығармашылық ұжым түсірілген материалмен жұмыс істейтін болады. Шамамен қараша айының ортасында Ақмола циклінің бірінші хабары телеарна эфиріне шығады, сондай-ақ YouTube халықаралық видеохостингін қоса алғанда, танымал әлеуметтік желілерде қайталанатын болады.
Тілші: «Dombyra» телеарнасы ашылғалы қандай жұмыстар атқарылды?
– 2016 жылы «Жұлдыз» атты эстрадалық-музыкалық телеарна аштық. Сол уақытта ұлттық өнерді насихаттайтын арна болса деп хабарласқан азаматтар көп болды. Телеарнаның қыр-сырын білетін болғандықтан осы жобаны қолға алуды жөн көрдік. Бұған негізінен Елбасының «Домбыра» күнін белгілеп, мемлекеттік деңгейде ұлықтауы да түрткі болды. Жиыма төрт сағат ұлттық ән-күй, жыр-термеміз беріліп жатыр. 24 сағат хабар тарататын телеарнада көрермендердің түрлі жас санаттарына арналған көптеген бағдарламалар бар, халық аспаптары мен күйлерінің тарихы баяндалады. Мысалы, «Сыр сандық» – балаларға домбыра шертуді үйрететін бағдарлама. «Інжу-маржан» дарынды өнерпаздардың талантын ашады. Қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрлері, қолөнері туралы әңгімелейтін басқа да бағдарламаларды жарыққа шығару жоспарда бар.
Арнамыз ашылғалы Қазақстанның әр өлкесін аралап келеміз. Ел ішіндегі тума таланттарды насихаттасақ дейміз. Тамызда Батыс Қазақстан облысында Құрманғазы, Дина, Дәулеткерей, Махамбет, Сейтек, Қаршыға күйшілеріміздің күйлерін жазып алдық. Өңірлерден дәстүрлі өнердегі азаматтар жиі хабарласады
Тілші: Көрерменнің пікірі қандай?
–Жалпы, көрермендер жобамызды жақсы бағалап жатыр. Өзге ұлт өкілдері де қазақ әндеріне қызығушылық танытуда. «Тамаша жоба, мына әнді тыңдап, балалық шағымызға саяхат жасағандай болдық», «Бұл әнді марқұм әкем орындаушы еді...» деп хабарласатындар көп. Карантинге дейін біраз өңірлерді араладық. Әлеуметтік желіде әр өңір бойынша чат құрдық. Індеттің кесірінен үнемі хабарласып жүретін бірнеше азаматымыздан айырылып қалдық. Жақында бақилық болып кеткен көкшелік өнерпаз Қажыбай Жахин ағамыз Көкшетауға жиі шақыратын. Қай өңірге барсақ та жақсы қарсы алып жатыр. Облыс басшысы Ермек Маржықпаев инстаграмм парақшамызға жазылып, жұмысымызға сәттілік тілеуі бізді қанаттандырды.
Тілші: Қиындық туғызып отырған мәселелер бар ма?
– Телеарнаны Қазақстанның түкпір-түкпіріне тарату жағы қиындық тудырып отыр. «Отау» телевизиялық конкурсының тегін грантына қол жеткізе алмадық. Ақылы түрле айына 2,5 млн теңге төлеп хабар таратуға қаражат жағдайымыз болмай отыр. Осы мәселені облыс басшыларымен талқылау үстіндеміз. Телеарна хабарларын «Түрік әлемі» кабельдік желісі арқылы тарату қолға алынғалы отыр. Телеарна ашылғаны ел ішіндегі өнер иелерін түсіріп, барынша насихаттауда. Қаражат жетіспеушілігінен өңірлерге тарату жағы қиындық туғызып отыр. Қазақтелекомның кабельдік желісіне қосылуға шалғайдағы ауылдардың көбінде интернет жоқ. Спутниктік жүйеге қосылсақ арнамызды бүкіл ел көрер еді.
Тілші: Эстрада дәуірлеп тұрған заманда дәстүрлі өнерді ілгерілету мүмкін бе?
– «Dombyra» телеарнасы бір жарым жылдан бері жұмыс жасап жатыр. Құрамымызда 15 қызметкеріміз бар. Ақша табатын коммерциялық арна емеспіз. Басты мақсат – ұлттық өнерді сақтау және қайта жаңғырту. Біз тек тәрбиелік мәні бар ұлттық нақыштағы дүниелерді ғана эфирге шығарамыз. Заманауи технология жетістіктерін пайдалана отырып дәстүрлі ән өнерін биік деңгейге көтергіміз келеді. Мемлекетіміздің солтүстік өңірді қазақыландыру саясатына біздің жобамыздың қосар мол деп есептеймін. Әр үйдің төрінде домбырамыз ілініп, қазақтың үні шығып тұрса басқа ұлттарда да біздің халыққа деген құрмет болады. Телеарналардағы ұлттық өнерді насихаттайтын хабарлар жас ұрпақ тәрбиесіне зор ықпал етеріне сенімдімін. Алда осы үрдісті ары қарай жалғастырып, бұдан ауқымды түсірсек дейміз. Келер жылы дәстүрлі әншілерді ғана емес, салт-дәстүр, өнер орталықтары, қолөнер шеберлері, өңір тарихы жайлы сыр шертер азаматтарды насихаттау жоспарда бар. Өнерпаздарды әр өңірдің табиғатымен сай үйлестіріп фильм-концерт түсіру жоспарланған. Бұл жолғы түсірілімдер эфирде көрсетіліп, әлеуметтік желілерге жарияланады.
Тілші: Материалдар қорда сақтала ма?
–Телеарна алғаш ашылған уақытта Алматы, Қарағанды облыстары мен Нұр-Сұлтан қалаларында түсірілім жасадық. Өйткені қорда материал болған жоқ. Шығыс Қазақстан өңірінде болып, ән-күй, жыр-термелерді жазып алдық. Олардың барлығы қорымызда сақталады. Қырық күндің экспедицияда Қызылорда облысының жеті ауданын, Ақтөбе, Орал, Атырау, Маңғыстауды түгел араладық. Әр облыстың мәдениет басқармаларына шығармалар тізімін дайындауға кеңес береміз. Сол тізім бойынша өтінім беріп, қандай да бір байқау ға шақыру жіберуіміз мүмкін. Байқайтынымыз, көп жерде жатталып қалған әндер орындалады. Жергілікті авторлардың шығармалары ұмыт қалып жатады.
Тілші: Басқа тағы қандай жобаларыңыз бар?
–Былтыр өңірлер бойынша алты жоба ұсындық, бірақ қолдау таппады. Кейінге шегеріле береді. Сол себепті өңірлердегі түсірілім жұмыстарын өзіміз бастап кеттік. Әр өңірдің өз салт-дәстүрі бар. Мысалы, Маңғыстауда киіз үй жасайтын шеберлердің көп екенін көрдік. Еліміздің түкпір-түкпірінде киелі орындар да бар. Мұның бәрін жан-жақты көрсету үшін кәсіби командамен келуіміз керек. Әрі архив материалдарымен де жұмыс істеп, өңдеп, салмақты фильм жасау қажет. Жалпы, «Ұлы дала сазы» жобасы келер жылы да жалғасын табады. Сондай-ақ, облыстарда филармониялардың ашылу маусымын да көрсеткіміз келеді. Жыр-дастан, әндерімізді қосып бағдарлама жасау да ойда бар.