Кәмелетке толмағандар заң аясында жұмыс істеуі тиіс

3 Тамыз 2021, 11:38
6098
Бөлісу:
Кәмелетке толмағандар заң аясында жұмыс істеуі тиіс

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бірқатар жасөспірімдер үшін жазғы демалыс – қосымша табыс табу мүмкіндігі. Алайда мамандар кәмелетке толмағандар заң аясында еңбек етулері тиіс екенін айтады.

Жыл өткен сайын студенттер мен мектеп оқушылары демалысты тиімді пайдалануда. Ата-аналарынан тәуелсіз болу және қосымша қаражат жинау мақсатында кәсіп іздейтіндер көп.

Жасөспірімдер мен жастар белсенді түрде әлеуметтік желілерде жұмыс іздейді, хабарландырулар береді. Олар көбіне бастауыш сынып оқушыларының сабағына көмек, мәтін теру сияқты жұмыстарды ұсынады. Бірқатары балмұздақ сатады, аулаларда велосипедтерді жалға береді.

 Қалалық жастар ресурстық орталығында жасөспірімдер мен жастарды жұмыспен қамту жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі. Бұл мәселе бойынша кеңес алу үшін орталық мамандарға кез келген уақытта жүгінуге болады.

Оқу жылы барысында біз балалармен диалог алаңдарында кездесеміз, өзекті сұрақтарға жауап береміз, мемлекеттік бағдарламалар бойынша ақпарат береміз. «Даму» қорымен және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, бизнесті қалай бастау керектігін түсіндіреміз. Биыл көктемде жоғары курс студенттері мен колледж түлектері үшін тренингтер өткізіліп, өндіріске экскурсиялар ұйымдастырылды. Жоғары техникалық колледж түлектері «Новопэк» ЖШС-нің жұмысымен танысты. Студенттер мен жоғары сынып оқушылары 16 жасқа толмаса да, «Жасыл ел» мемлекеттік бағдарламасы аясында гүл отырғызу, гүлзарларды күту, құрылыс т.б. қоғамдық жұмыстарға қабылданады. Бұл ретте арнайы келісімшарт негізінде, ата-аналардың жазбаша рұқсатымен жұмысқа орналасу заңды болып саналады, - деп атап өтті жастар ресурстық орталығының директоры Ксения Андросова.

Кәмелетке толған студенттер үшін жанармай құю бекетіндегі оператор-кассир, IT-саласындағы жас мамандарға арналған жұмыс, қонақ үйлердегі ас үй жұмысшысы немесе күтуші сияқты көптеген бос орындар бар.

Біздің мақсатты аудиториямызды қызықтыруы мүмкін мамандандырылған сайттардың барлық ұсыныстарын өзіміздің әлеуметтік желі парақшаларына орналастырамыз. Олардың көпшілігі жұмыс тәжірибесін қажет етпейді, яғни жасөспірімдер тағылымдамадан өтпейді. Заңнамаға сәйкес жасөспірімдер үшін жұмыс уақытының ұзақтығы нақты регламенттелген: 14-тен 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер үшін аптасына 24 сағаттан, 16-18 жастағылар үшін-аптасына 36 сағаттан аспайды. Сондай-ақ, жасөспірімдер түнгі уақытта, зиянды және қауіпті еңбек жағдайларына байланысты ауыр жұмыс істей алмайды, толық материалдық жауапкершілікке тартылмайды. ҚР Еңбек кодексіне сәйкес жасөспірімдердің еңбегіне ақы төлеу жалпы негізде жүргізіледі. Оларға зейнетақы жарналары да аударылады. Бұл талаптар қатаң сақталуы тиіс, - дейді SMM маманы Әйгерім Жұмабаева.

Кәсіп іздеуде мәселелер де баршылық. Жұмыс берушілер тағылымдамаға шақырады, бірақ көбінде міндет көп, жалақы төмен. Уақытша жұмыс істеушілерге деген көзқарас төмен. Шарт жасалмайды, ата-анасынан рұқсат талап етілмейді. Көптеген кафелерде даяшылар немесе ас үй жұмысшылары тұрақты негізде қажет, сондықтан студенттерді алу оларға тиімсіз екенін айтады жастар.

Құрылыс колледжінің екінші курс студенті Әлішер Оралбеков мектепте оқып жүрген кезінде даяшы болып қосымша табыс таба бастағанын айтады. Апта сайын тойлар көп болғандықтан, жалақысы айына елу мыңға жеткен. Алайда, пандемия Әлішердің жоспарларына өзгерістер енгізді.

Ағам құрылыс саласында жұмыс істейді, карантин кезінде мені тарта бастады. Мен қарапайым тапсырмаларды орындаймын – кескіндеме, көгалдандыру, қосалқы жұмыстар. Таныстарымның арасында көбісі жоғары сыныптарда қалта шығындарын таба бастады. Мен мұны болашақ өмірге жақсы инвестиция деп санаймын, – деп атап өтті студент.

Жақында Әлішер «Отбасы банкте» депозит ашты, кейін өзін тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін барлық табысын шотқа салуды жоспарлап отыр.

Қалада жұмыс табу қиын емес. Мен бұған ішінара ғана келісемін. Жұмыс орындары бар, бірақ лайықты жалақы табу қиын. Мектепте оқуға тиісті көңіл бөлмегеніме өкінемін. Сұранысқа ие маман болу үшін жоғары білім керек. Мен барша жоғары сынып оқушыларына «өзің қалайтын мамандықты бірден таңдау керек» деп кеңес берер едім, – дейді Әлішер Оралбеков.

Көкшетау қаласының халықты жұмыспен қамту орталығының мәліметінше, жыл басынан бері 29 жасқа дейінгі 618 жас жұмысқа орналастырылды. Уақытша жұмыс орындары негізінен «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасы, жастар практикасы, қоғамдық жұмыстар шеңберінде құрылды.

Биыл облыс орталығында еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға 100 адам жіберілді, олардың 26-сы 29 жасқа толмағандар. Олар «пішуші», «аспаз-кондитер», «электр монтаждаушы», «электргазбен дәнекерлеуші» мамандықтары бойынша білім алды. «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша жұмыс берушілерден өтінімдер келіп түсуде, ұйымдардың тізімі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде бекітілуде, – деп түсіндірді Көкшетау қалалық жұмыспен қамту орталығының маманы Александр Солодка.

Оның айтуынша, жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін биыл республикалық бюджет есебінен 200 АЕК-ке дейін (583 400 теңге) 50 өтеусіз грант беруді жоспарланған.

Өтініш берген 25 жастың жетеуі грант иегері атанды. Стартаптар қатарында жылдам оқу мектебі, психолог кабинеті, сұлулық студиясы, ТҚС және шиномонтаж, аудармашы қызметі, ұсақ қара мал өсіру, тігін ісі, кондитерлік өнімдер, құс шаруашылығы, жылыжай кешенінде көкөніс өсіру, компьютерлік диагностика бар. 29 жас әлеуметтік жұмысқа тартылды, 63-і жастар тәжірибесі аясында, 204-і қоғамдық жұмыстармен қамтылды. Жасөспірімдерге жұмысқа орналасу өте қиын. Кәсіпорындар кәмелетке толмағандарды қабылдауға құлықсыз. Сонымен қатар, оқушылар мен студенттер көбінесе жазғы демалыс кезінде ғана орналаса алады, ешбір жұмыс беруші 2-3 айдан кейін жаңа қызметкер іздегісі келмейді. Мұндай жағдайда мемлекеттік бағдарламаларға назар аударған дұрыс, – дейді Александр Солодка.


Өзгелердің жаңалығы