Cessna 414 маркалы жеңіл моторлы ұшақ Калифорния штатының Сан-Диего қаласы маңындағы су айдынына құлады. Бұл туралы АҚШ жағалау күзетінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ Reuters агенттігіне сілтеме жасап.
Ұшақта алты адам болғаны анықталды. Апат Пойнт Лома ауданының батысынан шамамен 4,8 шақырым қашықтықта тіркелген. Іздестіру-құтқару жұмыстарына жағалау күзетімен бірге кеден, шекара қызметі және Сан-Диего қаласының полициясы қатысып жатыр.
Болжам бойынша, апат орнының тереңдігі 61 метрге жуық. Ұлттық көлік қауіпсіздігі кеңесі апаттың себептерін зерттеуді бастады.
Айта кетейік, мамыр айының соңында Сан-Диегода тағы бір Cessna ұшағы тұрғын үйлердің үстіне құлап, 15 үйге зақым келтірген болатын. Оқиға салдарынан бірнеше көлік өртеніп, тұрғындар эвакуацияланған еді.