Қалдықты бөлек жинаудың арқасында теміржолда 14 млн-нан астам теңге үнемделген

18 Маусым 2021, 16:47
1767
Бөлісу:
Қалдықты бөлек жинаудың арқасында теміржолда 14 млн-нан астам теңге үнемделген

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2019 жылы «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС-нің барлық филиалында қалдықтарды бөлек жинаудың жүйесі енгізілді. Кеңселерде қағаз, шыны, пластмасса, аккумуляторлар батареяларына және басқаларға арналған экоқораптар орнатылған.

Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.

Жобаны іске асырудың бірінші жылында 29 тоннаға жуық, 2020 жылы - 43, 7 тонна қалдық сыртқы тарап ұйымдарына одан әрі өңдеу үшін берілді. 2021 жылдың 5 айында - 10,2 тонна қалдық тапсырылған.

Қалдықтарды бөлек жинау экологиялық жағдайды жақсартуға үлес қосып қана қоймай, экономикалық тиімділікке де әкелуде. Қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару және жою бойынша шығындар 14,2 млн теңгеге азайтылды. Табиғи ресурстарды ақылға қонымды және ұтымды пайдалану, экологиялық жағдайды жақсарту мәселелері жыл сайын өзектілігін арттырып келеді. Біз үшін Жерді сақтауды, табиғатпен үйлесімді өмір сүруді және оны болашақ ұрпаққа сақтауды үйрену маңызды, - деді «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС менеджері Светлана Садықова.

Бөлек жиналған қалдықтардың көлемі бойынша Ақмола филиалы көш бастап тұр. Үздік үштікке Қызылорда және Жамбыл филиалдары кірді.

Осылайша, теміржолшылар Қазақстанның «жасыл» экономикаға көшу тұжырымдамасы аясында өз үлестерін қосуда, - дейді Ақмола филиалының бас инженері Сайран Баржаксин.

Қалдықтарды сұрыптау теміржолдағы жалғыз экологиялық бастама емес.

Еліміздің барлық аймағында «Ағаш отырғыз» экологиялық акциясы өткізілді. Оған 1470 теміржолшы қатысты. Олар әкімшілік, тұрмыстық және өндірістік нысандар аумағында 560-тан астам көшет отырғызды, 145 гүлзар төседі, онда мыңдаған гүл отырғызылды.

9400-ден астам теміржолшы сыпырғыштармен, тырмалармен және күректермен қаруланып, әкімшілік-тұрмыстық және өндірістік нысандардың 400 мың шаршы метрден астам аумағын қоқыстан тазартты. Олар «Бірге - таза темір жол» экологиялық акциясы аясында қалдықтармен күресуге шықты.

Жол бөлімшелерінде «Қалдықтарды жинап, қайта өңдеуге тапсырыңыз» атты экологиялық марафон өтіп жатыр. Іс-шара жыл соңында аяқталады.

Естеріңізге сала кетейік, «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС биылғы жылды экологиялық мәдениет жылы деп жариялады. Ол «Ғаламшарды тазартуды - өзіңнен баста!» ұранымен өткізілуде. Негізгі мақсат - экологиялық қауіпсіздік пен қызметкерлердің денсаулығына қамқорлық жасау.

Өзгелердің жаңалығы