Кабирханның жеңетініне шетелдіктер ғана емес, Қазақстанның өзі күмәнмен қарады – тұлпар иесі

2 Ақпан 2024, 09:37
6700
Бөлісу:
Кабирханның жеңетініне шетелдіктер ғана емес, Қазақстанның өзі күмәнмен қарады – тұлпар иесі

Дубайдағы дүбірлі додада аттардың алды болған Кабирханның жеңісі елімізді әлемге танытты. Жүйрік ат Мейдан ипподромындағы 60 мың көрерменнің көзайымына айналып, 12 қарсыласын артта қалдырды. Осы ретте BAQ.KZ тілшісі Кабирханды баптап, бабын келтірген иесі Тілек Мұханбетқалиевпен сұхбаттасқан еді.

– Шашасына су жұқпаған сәйгүлік Кабирхан жайлы тоқталып өтсеңіз.

Кабирхан жүйрігіміз бәйгеге шабуды Алматы ипподромында бастады. Алғашқы жарысын 2 жасында Алматыда өткізді. Тегі – америкалық. Әкесі Калифорния Хром да Дубайдағы жарыста 2016 жылы жеңімпаз болған. Енесінің есімі - Литтл Эмили. 1,5 жасында Кинэленд аукционында сатылды. Бұл аукционда жылына төрт мыңдай бәйге аттары сатылады. Осылайша сол аукционнан Надир Хасанов Кабирханды сатып алып, Алматы ипподромына әкелген. Бірінші тренері Тұрғанжан Юлдашев, ал бірінші жокейі Руслан Юлдашев болды. Мен бұл атты сатып алғанда, «түбі Дубайдағы жарысқа қатыстырамын» деп айтқан едім. Ақыры арманыма қол жеткіздім. Күмән да аз болған жоқ. Дегенмен ойға алған арман орындалды. 

– Ат спортымен айналысып жүргеніңізге қанша жыл болды? Кабирханды баптау қиынға соқпады ма?

Жылқыларды бәйгеге қосып, баптап жүргеніме 5 жыл болыпты. Жылқы малын жақсы көрмейтін қазақ жоқ шығар, соның бірі мен едім. Бала кезімнен ұлттық спортқа қызығып, аттың үстінде отыруға қызықтым. Ат спортының ішінде бәйгені жүрегіме жақын тарттым. Осылайша ұшқыр бәйгемен айналысуға бел байладым. Кабирханды ең алғаш қолға үйретіп баптаған Тұрғанжан Юлдашев. Сол себептен маған аса қиын бола қойған жоқ. Ал қазіргі таңда оның күтімін жасайтын 7-8 адам бар. Осы кісілерге келісіммен ақысын төлеп, тұлпарымызды баптаймыз. Оны жарысқа қатыстыруға апару үшін жұмсалатын қаржысын өзім көтеремін. Сол себептен жарыстардан ұтқан қаржысы өзінің күтімінен әрі аспайды десек, артық болмас. Алдағы уақытта ат спорты дамыса, жұмыс күші көбейер еді. 

Кабирханның жеңетініне шетелдіктер ғана емес, Қазақстанның өзі күмәнмен қарады – тұлпар иесі

– Шетелдік сарапшылар Кабирханды менсінбеді, жеңіске жетуіне күдікпен қарады дейді. Бұған не дейсіз?

Еуропада, Араб елдерінде және АҚШ мемлекетінде жарыс деңгейі жоғары болғандықтан, көбіне бізді менсібейді. Негізі Кабирханның мәреге бірінші жететіне шетелдіктер ғана емес, Қазақстанның өзі күмәнмен қарады. Ал Кабирхан жеңген кезде, ұлды болғандай қатты қуандым. Расында, ат спортының деңгейі бізде төмендеу, Қазақстанда да, Ресейде де бәсекелестік аздау. 26 қаңтар күнгі жарыста Кабирханмен бірге АҚШ-тан келген 5 жасар айғыр - Клэптон деген фаворит шапты. Екеуінің бәйгедегі деңгейі бірдей болатын. Клэптон бұдан бұрын АҚШ-та өткен ең мықтылар жарысқан бәйгеге қатысты. Жүлдеге ілінбеді, бірақ фаворит деп саналды. Жалпы, Дубайдағы бәйгеде Кабирханмен жарысқан он бір тұлпар да - әлемнің үздік арғымақтары. Сол үшін Дубайдағы жарыста шетелдіктер бізге көп мән берген жоқ. Алайда бірінші жарыстан кейін сарапшылар мен букмекерлер Кабирхан туралы айта бастады. Жалпы, бұл жарыс 30 наурыз күні Дубайда өтетін әлем кубогының іріктеу кезеңінің бір бөлігі болатын. Бірақ бірінші жарыстан кейін Кабирханның қарым-қабілетін байқаған сарапшылардың пікірі өзгерді. Енді біз финалға шықтық. Алдағы жарыстың жүлде қоры 12 млн АҚШ долларын құрайды. 

– Сарапшылар Кабирхан шабысының аз бөлігін көрсетті дейді. Осы жайлы айта кетсеңіз. 

Бәйгеден кейін бапкерлер Кабирханның әлеуеті жоғары, одан да ұзақ қашықтыққа шабатын күші барын айтып жатыр. 20-30 пайыз артық шабуға шамасы жетеді. Мүмкіндігінің 70-80 пайызын көрсетті. Кабирхан қазір Дубайда екі ай дайындалады. Жаттықтырушысы - ағылшын бапкері. Екінші жарыстан кейін жақсы шықты. Күні кеше дайындықты бастап кетті. Ат асыл тұқымды болған соң, күтімі де, витаминдері де бөлек. Режимі дұрыс сақталып жатыр. Алдағы жарыстардан үміт бар. 

– Кабирханның бұған дейін жарыстарға қатысқан білеміз. Осы жайлы айта кетсеңіз. 

Кабирхан Дубайға дейінгі 9 жарысқа қатысып, 8-інде қарсыластарын шаң қаптырды. Үш жасында Ресейге жібердім. Ресейде жарыс көп, рейтингі жоғары. Бізде аламан бәйге, қазақтың бәйгелері дамыған, ол жақта ұшқыр бәйге дамыған. Сондықтан Ресейге жібердім. Ресейде баптаған соң, алты рет шапты, бес рет бірінші болып келді. Бір рет екінші келді. Содан кейін өзім Дубайға жіберуді шештім. Біз онда үлкен бәсекелестік болатынын түсіндік. Дегенмен алғашқы жарыста Кабирхан бәйгеден озып келген кезде біз қатты қуандық, тіпті, сене алмадық. Ал қазір тұлпарды бүкіл әлем танып отыр. Енді Дубайда өтетін әлем кубогын жеңіп алсақ, біз үшін бұдан артық жеңіс болмас еді.

– Дубайдан ұтып алған қаржыңызды қайда жұмсамақсыз? Жарысқа неліктен ағылшын тұқымы алынады? 

Қаржы әлі қолымызға түскен жоқ. Ақшаны ат спортына жұмсау ойымызда бар. Сол өзінің күтіміне кетеді дегендей. Ал жарысқа неліктен ағылшын аттары алынады деп жатырсыз. Бұның себебі ұшқыр бәйгеде араб, қазақ, жапон аттары бәйге алмайды. Одан көрі ағылшын аттарының жүрісі мен шабысы жылдам болады. Сол себептен қазір Кабирханның жеңісіне бүкіл атбегі, ат ұстаушылар, бапкерлер, атсүйер қауым, жалпы, қазақ елі қуанып жатыр. Атбегілерге жігер беріп, жарыстардан жүлделі оралуға болатынын тағы бір мәрте дәлелдеді. Әлі де талай үздік жүйріктер шығуы мүмкін.

– Әңгімеңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы