Көпбалалы аналар "Кәсіпкер ана" жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін игеруде

10 Маусым 2020, 17:48
1890
Бөлісу:
Көпбалалы аналар "Кәсіпкер ана" жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін игеруде

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Үш баланың анасы Айнұр Жазықбаева алты ай бұрын тапсырыспен торттар мен бәліштер пісіре бастады. Кәсіппен айналысқысы келетін әйелдерге арналған тегін курстар туралы білген ол мүмкіндікті жіберіп алмауды жөн көрген. 

Менің ойымша, осындай мүмкіндік берілсе, оны пайдалану керек. "Кәсіпкер ана" жобасы әртүрлі бағыттар бойынша тренингтерден тұрады. Мен өз өнімдерімді әлеуметтік желілерде таныту үшін СММ-ді таңдадым. Мен бұрын-соңды ешқашан білмейтін көптеген тәсілді білдім. Мысалы, өз өнімімді дұрыс жарнамалауды, оны қалай жүзеге асыруды меңгердім, – дейді Айнұр Жазықбаева. 

Енді ол курстарда фотограф мамандығын меңгеріп, әдемі суреттер ұсынуды үйренуді жоспарлап отыр. Оған қоса тренинг онлайн режимінде өткендіктен, үйден шықпай және балаларды қараусыз қалдырмай барлық қажетті дағдыларды алуға мүмкіндік бар. 

Еске салайық, "Кәсіпкер ана" әлеуметтік жобасының тұсаукесері өткен жылдың қыркүйегінде өтті. Оның міндеті көпбалалы әйелдерге, жалғызбасты аналарға, табысы аз әйелдерге, сондай-ақ мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған аналарға жеке ісін бастауға көмектесу. 

Бүгінде жобада онлайн режимде оқуға 1200-ден астам өтінім келіп түсті. Іріктеу нәтижесінде 500-ге жуық әйел барлық критерийге сай келіп, қазір 200-ге жуық адам білімдерін жетілдіруде, – дейді жобаны ұйымдастырушылар. 

Еске салайық, оқыту 11 негізгі бағытта өтеді. Бұл массаж, СММ, копирайтинг, графикалық дизайн, суретке түсіру, маникюр, аспаз, кондитер аспаз, есепші, коуч/психолог, тігінші. Әйелдер бағыттардың біреуін таңдап, оқи алады және курсты аяқтағаны туралы сертификат алады.

Өзгелердің жаңалығы