Көлгінов елордалық полиция қызметкерлерінің баспана мәселесі қалай шешілетінін айтты

21 Маусым 2019, 14:10
1589
Бөлісу:
Көлгінов елордалық полиция қызметкерлерінің баспана мәселесі қалай шешілетінін айтты
Фото: Артём Чурсинов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов елордалық полиция қызметкерлерін келе жатқан полиция күнімен құттықтау салтанатында олардың басындағы бірқатар мәселелерді атап, оларды шешуді назарға алатынын айтты.

«Күні кеше елордалық полиция департаментінің бастығы Ержан Саденовпен сөйлестім. Қандай қолдау қажет деп сұрадым. Бірқатар ұсыныс берді. Ең бірінші мәселе, әрқайсысының отбасы бар, балалары бар, оларды қолдау керек. Бюджетті де санап шықтық. Санын айтпай-ақ қояйын, бірақ сыйақы берілетін болады. Сондықтан алдағы мерекеде сіздерге сыйақы беріледі», - деп айтты Көлгінов. 

Қала басшысы полиция қызметкерлерінің баспана мәселесін шешу үшін жұмыс істейтінін жеткезді.

«Қорғаушының құрал-сайманы дайын болуы керек, оған материалдық техникалық қамтамасыз етуді күшейтетін боламыз. Оның ішінде тұрғын үй мәселесі де бар, әсіресе қазір халықтың саны көбеюде. Аз қамтылған отбасыларды да қамтитын боламыз. Соның ішінде тәртіп сақшыларын да қолдаймыз. Елбасымыз қабылдаған «Нұрлы жер» бағдарламасы бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қауіпсіздікке қаржы бөлу керек екенін айтты. Қауіпсіздік – азаматтарымыздың ашық аспаны, тыныш ұйқысы, алаңдамай жұмыс жасауы, өмір сүруі. Осы бағдарлама аясында полиция қызметкерлерінің тұрғын үй мәселесін қарайтын боламыз. Әрине, бәрін бір күнде жасамаймыз, бірақ жүйелі түрде қолдайтын боламыз», - деді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі.

Қала басшысы сонымен бірге, дәрігерлер мен мұғалімдерді, басқа да сала қызметкерелерінің басындағы баспана мәселесі назардан тыс қалмайтынын айтты. 

«Олар үлкен абыройлы және маңызды жұмыс атқарып отыр. Соның ішінде алдыңғы шепте полиция қызметкерлері тұрады. Осы мәселені айтуды жөн көріп отырмын. Алдағы уақытта да бірлесе қызмет атқарамыз. Ардагерлер, қызметкерлер, отбасы мүшелері кәсіби қызметкерлеріңізбен шын жүректен құттықтаймыз. Елдің дамуына бірге қызмет жасайық», - деп сөзін түйіндеді Көлгінов.




Өзгелердің жаңалығы