Көкшетауда «Ескі пәтер» ретро-көрмесі ашылды

21 Мамыр 2019, 13:10
3908
Бөлісу:
Көкшетауда «Ескі пәтер» ретро-көрмесі ашылды
Фото: автордан

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Көкшетауда шаһардың өткен ғасырдағы тарихынан сыр шертетін ретро-көрме ашылды.

Көрмеде ХХ ғасырдың 50-60 жылдарындағы пәтерлердің интерьері көрініс тапқан.

«Бұл кезең адал еңбек еткен жандар үшін ұмытылмас уақыт. Соғыстан кейінгі кезеңде ауыл шаруашылығын қалпына келтіру оңай болмағаны белгілі. Сол тұста халық өмірінде пайдаланылған кейбір заттар көрмеде орын алып отыр. Мысалы, 1950 жылдардың ортасындағы қонақ үй бөлмелерінде қытайдың барқыт немесе жібек дастарханы жайылған дөңгелек немесе сопақша үстелі, кішкентай әйнектері бар буфет сәнге ие болды. Буфетте шыны фужерлер, вазалар, ыдыстар жиналатын. Фарфордан жасалған аңдар, халық ертегілері кейіпкерлерінің мүсіндері, сүйек пен ағаш бұйымдары мерейтойларда сыйға тартылатын», - дейді музей қызметкері Гүлмира Зарапова.

Көкшетауда «Ескі пәтер» ретро-көрмесі ашылды

Экспозицияның бір бөлігі – қабырғасына көне кілем ілінген жатын бөлме. Сол уақытта түрлі суреттері бар гобелен және пүліш кілемдер болды. Көп жастықтар жиналған темір кереует, еденде түрлі чемодандар тұр. Оның жанында киімдер салатын комод, ал қабырғада әйнектелген үлкен рамада көп фотосуреттер көрініс тапқан. Сарғайған ескі суреттер өткен күннің оқиғаларынан сыр шертеді. Көрме экспозициясындағы әдемі орамал үстіндегі әтір, түймелер салынған қорапша мен оған қатарлас ескі іс тігу машинасы ерекше көзге түседі.

«Хрущев реформасының тұсында көп үйлерде алғаш рет журнал үстелі, жеңіл креслолар сәнге айналды. Қай үйдің болмасын этажеркаларында кітаптар жиналып тұратын. 60 жылға дейін кітапты еш жерде сатып алу мүмкін болмағандықтан, соғысқа дейінгі көне кітаптар сақталып қалды. Сондай-ақ, қабырға сағаттарын ілу де сән болып есептелді. Ас үйде ағаш фанерадан жасалған, шыны есіктері бар лакталған қарапайым буфеттер тұратын. 60 жылдардың басында газ плиталар мен тоңазытқыштар тұрғындар өміріне ене бастады. 1956 жылы пәтерлерде ең алғашқы «ЗИЛ» (Лихачев атындағы зауыт) тоңазытқыш пайда болды. Бірақ оның есіктерін ашу қиынға соғатын. Кейінгі шығарылған тоңазытқыштардың есіктері магниттелді. Көрмеге аталған тоңазытқышты Юней Лойко есімді қала тұрғыны тапсырыпты», - дейді өлкетанушы Гүлбаршын Салық.

Сол жылдары радиоқабылдағыштар, транзисторлар, күйсандық, магнитолалар сәнге ие болды. Мұражай қорында 50-60 жылдардағы радиоаппаратуралар коллекциясы бар. Ретрокөрмеде 1953 жылы Новосібір зауытында шығарылған «Октава» абонементті дыбыскүшейткіш, Ижевск радиозауытында шығарылған «Югдон» үстел радиосы орын алған.

Көкшетауда «Ескі пәтер» ретро-көрмесі ашылды

Мұражай қызметкерлері мемлекетіміздің мәдени құндылықтарын іздестірумен, зерделеумен және ғылыми тұрғыда зерттеу мақсатында түрлі экспедицияларға шығып, өзге өңірлердің мұражайларымен нәтижелі ынтымақтастық орнатып, табысты еңбектенуде. Мұнда өткен ғасырдың тарих қойнауына кеткен түрлі жәдігерлер көп-ақ. Осы экспонаттар мұражай қызметкерлерінің әр жылдарғы зерттеу жұмыстарының арқасында жинастырылды.

«Біз келушілерден қала өмірінің әр кезеңінен сыр шертер құнды жәдігерлерді сыйға тартуын өтінеміз. Осылайша, төл тарихтың терең түкпіріндегі жиналған бағалы құндылықтар жарыққа шығып, зерттеліп-зерделеніп музейлерден орын алып, халық игілігіне айналғанын қалаймыз», - дейді музей қызметкері Гүлмира Зарапова.

Мекеме қызметкерлерінің айтуынша, көне мұраларды тамашалауға келетіндер көп. Әсіресе, балалардың қызығушылығы зор.

«Немерем ержетті, оны Көкшетаудың бұрынғы көріністерімен таныстыру үшін алып келдім. Кей уақыттарда өткен шақтарды сағынатынымыз рас. Сол кезеңдерден сыр шертетін суреттер көп. Балаларымыз үшін бұл тарих. Осындай көрмелер жастарға қажет», - дейді қала тұрғыны Марал Еспанова.

Келушілер ретро-бөлмелер мен музей саябағында естелік суретке түсіп, ретро-буфеттен дәм татты.

Өзгелердің жаңалығы