Көкшетауда ерекше демалыс орны ашылды

21 Маусым 2019, 22:35
1412
Бөлісу:
Көкшетауда ерекше демалыс орны ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Көкшетауда полицейлердің төл мерекесі қарсаңында ішкі істер органдарының және ұлттық гвардия ардагерлерінің аллеясы ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Мұндай демалатын орын елімізде алғаш рет бой көтеріп отыр. Сондай-ақ осы күні Ақмола облыстық полиция департаментінің жанындағы сала музейі күрделі жөндеуден соң қайта іске қосылды. Көкшетаудың қақ ортасынан орын тепкен аллеяның ашылу салтанатына облыстың ғана емес, өзге өңірлердің де полицейлері мен сала ардагерлері жиналды. Мұндай орын Қазақстанда алғаш рет ашылып отырған соң, сырттан келген меймандар өз облысының атынан көшет отырғызды. 

«Алдыңғы буын, аға ұрпақты сыйлап, алаң ашып отырғанына алғысымызды айтамыз. Біздің ендігі міндетіміз – жастарға жақсы жағынан үлгі беріп, ақылымызды айтып, тәрбиелік мәнді жұмыс жасап, еңбекке үйретіп, тілеуқор болу», –дейді ҚР Ішкі істер органдары ардагерлер кеңесінің төрағасы, Өмірзақ Болсамбеков. 

Қазір елімізде ішкі істер органдарының 65 мыңнан астам ардагері бар. Сондай-ақ, осы күні тәуелсіздік жылдарында қызмет бабында қаза тапқан полицейлердің рухына әріптестері тағзым етті.

Ал, облыстық полиция департаментінің жанындағы жаңартылған музейде қазір 5 жарым мыңнан астам экспонат сақтаулы. Мұнда Кеңес кезіндегі полиция басшыларының өмір тарихы, сол кездегі қарулар мен құнды құжаттар бәрі бар.

«Музейде біздің ардагерлердің бұрын жұмыс істеген құжаттары. Оны келешекте біздің жасөспірімдер мен жас қызметкерлерге көрсетіп, келешекте осы тұрғысынан сабақтар өткіземіз. Мұражайдың ашылғаны өте дұрыс болды», - дейді облыстық әкімшілік полиция басқармасының бастығы Аслан Қызбикенов.

Өзгелердің жаңалығы