Шығыс Қазақстан ауруханалары науқастарды жаңа жүйемен қабылдауда

26 Наурыз 2019, 14:48
2340
Бөлісу:
Шығыс Қазақстан ауруханалары науқастарды жаңа жүйемен қабылдауда

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Облыс ауруханаларындағы қабылдау бөлімдеріне триаж жүйесі енгізіле бастады.

Жалпы, триаж дегеніміз — науқастарды жағдайының ауырлығына қарай бірнеше топқа бөлу және сол арқылы пациентке қабылдау бөлімінде алғашқы медициналық көмек көрсету дегенді білдіреді. Бұл жүйе науқастарды дертіне қарай сұрыптауға мүмкіндік береді. Бүгінде өңірдің он медициналық мекемесіне енгізіліп қойған мұндай жүйе енді облыстағы барлық ауруханаларға енгізілмек.

«Біз аудандық, қалалық ауруханалардың медициналық құрылғылармен қамтамасыз етілу деңгейіне талдау жүргізудеміз. Биыл барлық аудандық орталық ауруханалардағы ота жасау, реанимация, интенсивті терапия бөлімдерін заманауи құрылғылармен қамтамасыз ету жөнінде ұсыныс енгізбекпіз. Сонымен қатар барлық қабылдау бөлімдерін триаж жүйесіне ауыстырып, пациенттерге сұрыптау жүргізілетін болады», - дейді Шығыс Қазақстан облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов.

Яғни аурухананың қабылдау бөлімі қызыл, сары және жасыл түсті үш аумаққа бөлінеді. Қызыл аумақта диагнозы өміріне қауіп төндіретін деңгейде, яғни ауыр халде жеткізілген науқастар. Мысалы, қансырап жатқан немесе мидағы қан айналымы бұзылған науқастар. Мұндай пациенттерге медициналық көмек бірінші кезекте көрсетіледі. Сары аумақ — жедел көмек көрсетілетін аумаққа жатады. Мұнда жағдайы ауыр болғанымен, әзірге өміріне төнетін қауіп-қатері жоқ пациенттер қабылданады. Ал жасыл аумаққа өздігінен қозғалып жүре алатын науқастар орналастырылады. Оларға медициналық көмек соңғы кезекте көрсетіледі.

«Қазіргі уақытта мұндай әдісті сәтті іске асырып жатқан медициналық мекемелердің бірі Семей қаласының жедел медициналық көмек көрсету ауруханасы. Ал аудандық деңгейде мұндай әдіс Аягөз және Алтай қалаларында қолданылуда. Жыл соңына дейін мұндай әдісті өңіріміздің барлық ауруханаларына енгізуді жоспарлап отырмыз. Қабылдау бөлімдеріндегі әр аумақ монитор, наркоз аппараты, дефибриллятор сияқты арнайы құрылғылармен қамтамасыз етіледі. Осындай әдіс арқылы дәрігерлердің кезекші бригадасы келіп түскен науқастарға уақытылы көмек көрсете алатын болады. Өйткені мұндай кезде адам өмірі үшін әр минут, тіпті әр секундтың өзі өте маңызды», - деп қосты басқарма басшысы.

 

Азамат ТЕМІРБЕКОВ

Өзгелердің жаңалығы