Израильден 15 қазақстандық оқушының ұшып шығуы ұйымдастырылды – СІМ

16 Қазан 2023, 17:09
1039
Бөлісу:
Израильден 15 қазақстандық оқушының ұшып шығуы ұйымдастырылды – СІМ
Фото: BAQ.KZ - архив

Бұл туралы БАҚ өкілдері үшін өткен брифингте Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ол Израиль мен Палестинадағы әскери-саяси жағдайдың күрт өзгеруіне байланысты Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Қазақстан Республикасы азаматтарын қақтығыс аймағынан шығару бойынша жұмыстар жүргізіп жатқанын жеткізді.

Бұл мәселені шешу үшін Қазақстанның Израильдегі, Мысырдағы және Иорданиядағы елшіліктері жұмылдырылды. 16 қазандағы жағдай бойынша Израильдегі Қазақстанның елшілігіне 100-ден астам ел азаматы елден кетуге жәрдем көрсетуге өтініш жасады. Олардың бір бөлігі Қазақстандағы дипломаттардың көмегімен елден кетті. Кеше Қазақстанның Израильдегі елшілігінің көмегімен 19 азаматымыздың, оның ішінде арнайы бағдарламалар бойынша оқыған 15 баланың ұшып шығуы ұйымдастырылды, - деді ол.

Израильдегі Қазақстан елшілігі отандастарымызды елден ұшу және әуе билеттерін сатып алу мәселелері бойынша үйлестіру жұмыстарын жалғастырып жатыр. 

Айта кетейік, Тель-Авив қаласының халықаралық әуежайы штаттық режимде өз жұмысын жалғастырып жатыр.

Айта кетейік, Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Израильде қанша қазақстандық бар екенін айтқан болатын. Сонымен қатар ол Израильде зардап шеккен қазақстандықтар туралы ақпарат жоқ екенін айтқан еді.

10 қазанда Астана уақыты бойынша сағат 16:45-те Израильдің Тель-Авив қаласынан Қазақстанға репатриациялық рейс 166 жолаушыны, олардың ішінде 124 ел азаматы және 42 шетелдік азаматты алып келген болатын.

Өзгелердің жаңалығы