Израильде Абайдың «Қара сөздері» таныстырылды

3 Шілде 2021, 10:48
1691
Бөлісу:
Израильде Абайдың «Қара сөздері» таныстырылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанның Израильдегі елшілігі Тель-Авив мэриясының және «Казцинк» корпорациясының қолдауымен қаланың ең танымал туристік аймақтарының бірі – теңіз портының жағалауында орналасқан саябақта қазақ киіз үй тігіп, көрме ашты, деп хабарлады СІМ-нің баспасөз қызметі.

Оның ашылуы Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Ұлттық домбыра күніне орайластырылды.Салтанатты шараға Тель Авив – Яффо қалалық кеңесінің мүшелері, Иерусалим Патриархы III Феофил, Сыртқы істер министрлігінің, дипломатиялық корпус, Израильдің қоғамдық және іскер топтарының, бұқаралық ақпарат құралдары мен қазақстандық диаспораның өкілдері қатысты.

Өз сөзінде Қазақстан Елшісі Сатыбалды Бұршақов 2014 жылы киіз үйді жасау мен домбырамен күй орындау өнері ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының Репрезентативтік тізіміне енгізілгенін, сондай-ақ халқымыз үшін киелі киіз үйдің қасиеті мен қастерлі мәні туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Дипломат халқымыздың мәдени мұрасын таныстыру Қазақстан мен Израиль арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайтуға ықпал ететіндігін атап өтті, - делінген хабарламада.

Тель-Авив мэрінің орынбасары Гал Шараби 1999 жылы Тель-Авив пен Алматы арасында бауырластық байланыс орнатылғанына тоқталып, қалың бұқараға он күн бойы есігі ашық тұратын киіз үй экспозициясы қала тұрғындары мен қонақтарына қазақ халқының дәстүрі мен мәдениетін танып-білуге мүмкіндік беретінін айтты.

Израильде Абайдың «Қара сөздері» таныстырылды

Сонымен қатар, шара аясында қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай шығарылған еврей тіліндегі «Қара сөздері» кітабының тұсаукесері өтті. С. Бұршақов кітаптың аудармашысы Полина Брукман мен «Бейт Нелли Медиа» баспа үйінің директоры Алла Серебринскаяға Қазақстан Мәдениет және спорт министрінің алғыс хаттарын табыстады.

Мереке барысында Қазақстаннан шыққан жергілікті тұрғындар ыстық ықыласпен және зор ризашылықпен еліміз туралы жылы естеліктерімен бөлісті.

Шағын концерттік бағдарлама қойылып, онда Бар Илан университетінің студенті Әмірлан Нажмитдинов мен Бекжан Қоңырбаев танымал қазақ композиторларының шығармаларын домбырада орындап берді. Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін қазақ тілінде шырқаған Израиль азаматы Ирэна Арзютова ерекше құрметке бөленді.

Киіз үй Алматы облысында тігіліп, «Казцинк» корпорациясының демеушілігімен Израильге жеткізілді. Экспозиция есігі 2–10 шілде аралығында Тель-Авив портының саябағында баршаға ашық болады.

Өзгелердің жаңалығы