Қазір кінәліні іздеп салғыласатын уақыт емес - Назарбаева

20 Сәуір 2020, 18:35
1377
Бөлісу:
Қазір кінәліні іздеп салғыласатын уақыт емес - Назарбаева

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенаттың бюро отырысында спикер Дариға Назарбаева төтенше жағдай кезінде еңбек етіп жатқан мамандық иелеріне қолдау көрсету керек екенін айтты.

Сенат басшысы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған журналистер, дәрігерлер, полиция мен әскери қызметкерлердің, еріктілердің қатысуымен орын алған келеңсіз көріністерге тоқталды.

Бүгінгі таңда дәрігерлер де, журналистер де алғы шепте қызу еңбек етіп жатқанын еске салғым келеді. Олар ықтимал қауіп-қатермен күнде бетпе-бет келсе де өздерінің кәсіби борышын адал атқарып жүр. Сондықтан оларға құқықтық қорғау мен адами қолдау аса қажет, - деді Дариға Назарбаева. 

Ол қазір кінәліні іздемей, түсінбеушіліктерді өршітпей, өзекті мәселелерді бірігіп шешейік деп айтты.

Ынтымақпен жұмыс істейтін, бір-бірімізге көмектесетін уақыт. Бұл ретте құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне бағынбау, әсіресе полицияға шабуыл жасау немесе қарсылық көрсетудің жолын кесу керек. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері өз өкілеттіліктерінің аясында ғана әрекет етуі, сыпайы, әдепті болуы тиіс. Қазір бәріне де қиын, бірақ бір-бірімізге жәрдемдесіп қана осы жағдайдан тезірек шыға аламыз, - дейді Сенат спикері.

Айта кетейік, бюро отырысында Мәжілісте мақұлданған заң жобаларын бөлу мәселесі қаралды. Сол бойынша негізгі комитеттер белгіленіп,  Сенаттың 30 сәуірге жоспарланған кезекті отырысының күн тәртібі бекітілді.

Өзгелердің жаңалығы