ИЫҰ Қазақстандағы қаңтар оқиғалары бойынша қарар қабылдады

8 Сәуір 2022, 10:26
4111
Бөлісу:
ИЫҰ Қазақстандағы қаңтар оқиғалары бойынша қарар қабылдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ИЫҰ «Қазақстанмен толығымен ынтымақтасатынын растады және ұлттық қауіпсіздік пен елдің одан әрі дамуы мақсатында мемлекеттік егемендікті және заңды сақтауды қамтамасыз ету бойынша ҚР Үкіметінің шараларына қолдау білдірді».

Бұл туралы СІМ баспасөз қызметі хабарлады.

Наурызда Пәкістан астанасында өткен Ислам ынтымақтастық ұйымы (ИЫҰ) Сыртқы істер министрлері кеңесінің 48-ші сессиясында «Бірлік, әділдік және даму жолындағы серіктестік» тақырыбында саяси, экономикалық, ғылыми-техникалық, гуманитарлық, құқықтық және ұйымдастырушылық салаларында бірқатар қарарлар қабылданып, онда мұсылман елдерінің негізгі жаһандық және өңірлік проблемалар бойынша шоғырландырылған ұстанымы көрініс тапты.

ИЫҰ-ның «Қазақстан Республикасымен терроризмге қарсы ынтымақтастығы туралы» №50/48-pol қарарына сәйкес, мүше мемлекеттер «Қазақстанда жақында болған бейбіт наразылықтардан кейін елдегі зорлық-зомбылыққа және кінәсіз азаматтар мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің құрбандары мен өліміне әкеліп соққан террористік шабуылдарды» айыптады. ИЫҰ мүше мемлекеттері «Қазақстанның бірлігін, егемендігін, тәуелсіздігін және аумақтық тұтастығын қолдауға өздерінің берік бейілділігін» растады. Сонымен бірге,  қаңтарда еліміздегі жағдай туралы Еуропалық парламент қабылдаған қарар ИЫҰ мүше мемлекеттердің арасында «наразылығын» тудырды, өйткені қарарда баяндалған ұстанымдар «мемлекетаралық қатынастарды ілгерілетуге және дамытуға ықпал етпейді». ИЫҰ «Қазақстанмен толығымен ынтымақтасатынын растады және ұлттық қауіпсіздік пен елдің одан әрі дамуы мақсатында мемлекеттік егемендікті және заңды сақтауды қамтамасыз ету бойынша ҚР Үкіметінің шараларына қолдау білдірді», - делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта ИЫҰ жалпы халқы шамамен 1,7 млрд адамды құрайтын 57 мүше мемлекетке ие және БҰҰ-дан кейінгі көлемі бойынша екінші халықаралық ұйым. 5 ел мен 5 халықаралық ұйым бақылаушы мәртебесіне ие. Қазақстан ұйымға 1995 жылдың желтоқсанында мүше болды.

Өзгелердің жаңалығы