Жамбыл аудандық соты асырап алған ұлын ағаш оқтаумен ұрған әйелге қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды BAQ.KZ Жамбыл аудандық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға 2024 жылдың желтоқсанында болған. Әйел ұлын миллион теңгені жымқырды деп күдіктеніп, ақшаны қайтаруды талап еткен. Бала кінәсін мойындамаған соң, әйел оны ағаш оқтаумен ұрып-соққан. Келесі күні колледж оқытушылары жарақат іздерін байқап, баланы ауруханаға жеткізген. Сараптама оның жеңіл дене жарақатын алғанын растады.
Сотталушыға ҚР ҚК 108-1-бабының 2-бөлігі бойынша айып тағылып, прокурор 6 айға бас бостандығын шектеу жазасын сұрады. Сот айыпталушыны кінәлі деп тауып, дәл осы мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.
Бала анасын кешіріп, соттан оны жазаламауды сұрағанымен, онымен бірге тұрғысы келмейтінін мәлімдеді.
Сот үкімі бойынша, әйелге баламен байланыс орнатуға үш айға тыйым салынды. Оған баланы іздеуге, кездесуге, сөйлесуге немесе қандай да бір жолмен хабарласуға рұқсат жоқ.