Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. 2018 – ит жылының аяқталуына санаулы кұндер қалды. Қазақ халқы ит жылын жайлы жылдардың қатарына жатқызып, тауық жылындағы ауыртпалықтың біршама жеңілдей түсіп, бұл жылы жақсылықтар көп болатындығын болжаған. Сонымен, 2018 жыл облыс тұрғындарының есінде несімен қалды? Ит жылы аймақта қандай өзгерістер болды?
Қарағанды миллион тұрғыны бар қалаға айнала ма?
Биылғы жыл қарағандылықтардың есінде аймақта өнеркәсіптік және әлеуметтік нысандардың көптеп ашылуымен есте қалды. Қарағандының түкпір-түкпірінде, ауылдық жерлерде, аудандарда балабақшалар, спорт кешендері, мәдениет-орталықтары мен медицина мекемелері, халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылып, тұрғындардың игілігіне қызмет етуде.
Жыл басынан бері облыста 70 IT-сынып пен 6 IT-орталық ашылған. Компьютерлік сыныптар аймақтың шалғай елді мекендері мен ауылдарында салынып, онда балалар білім алуда.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, 2018 жылы қарағандылық өнеркәсіп кәсіпорындары 2 трлн теңгеден астам сомаға өнім өндірген. Шағын бизнесте де ілгерілеу бар. Облыстың әр өңірінде шағын цехтар мен фермалар іске қосылып аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына септігін тигізуде.
Жыл басынан бері облыста 362 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілген. Әсіресе, «Нұрлы жер», «7-20-25» бағдарламаларының арқасында еліміз бойынша құрылыс белсенді жүргізілуде.
Қарағанды облысында тек осы жылы ғана 3,5 мың пәтер салынған. Ол өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есе көп. Негізінен тұрғын үй құрылысына мұқтаждық қала тұрғындарының белсенді өсуімен байланысты. Қарағанды қаласында тұрғындар саны жыл сайын артып келеді. ҚР Президенті Н.Назарбаев қыркүйек айында аймаққа сапары барысында Қарағанды қаласының қарқынды дамып келе жатқандығын айтып, болашақта Қарағанды елдегі миллион тұрғыны бар төртінші қалаға айналуы мүмкін екендігін айтқан болатын. Осыған байланысты тұрғын үй құрылысы қаладағы ең өзекті бағыттардың бірі болып отыр.
2018 жыл қарағандылықтардың есінде кадрлық ауыс-түйістермен есте қалды. Үстіміздегі жылы Жезқазған, Абай қалаларының әкімдері ауысты.
Сондай-ақ, облыстық ауылшаруашылығы басқармасына, денешынықтыру және спорт басқармасы мен ветеринария басқармасына конкурстық таңдау арқылы жаңа басшы келді.
Жыл соңында Қарағанды облыстық сотының жаңа төрағасы тағайындалды. Аталмыш лауазымда 2014 жылдан бері қызмет еткен Мұсабек Әлімбековтың орнына Нұрсерік Шәріпов тағайындалды.
Қарағанды облысының Полиция департаментінде де кадрлық өзгерістер орын алды. ҚР Ішкі істер министрлігінің бұйрығымен Қарағанды облыстық Полиция департаменті басшының үш орынбасары ауысты.
Теміртау неге тыншымай тұр?
Үстіміздегі жылдың қаңтар айында Теміртауға «қара қар» жауып, халық дүрліккен еді. «Теміртау еліміздегі ең ластанған қаланың біріне айналды» деген тұрғындар экологиялық ұйымдарға шағымданып, петиция жазып, қол жинап, биліктен көмек сұраған болатын. Қалаға жауған «қара қар» мәселесі тіпті Елбасының да құлағына жетті. Нұрсұлтан Назарбаев осы жылдың қыркүйек айында аймаққа жұмыс сапары барысында Теміртауға арнайы ат басын бұрып, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ бас директоры Парамжит Калонға «сәлем жолдады». Қоршаған ортаны ластанудан қорғауға шақырған Елбасы «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына экологияны жақсартуға қаржы бөлу керектігін тапсырды.
Биылғы жылы Теміртаудың криминогенді жағдайы да көңіл көншітпеді. Қарақшылық, тонау, адам өлтіру сияқты қылмыстық қалада көптеп орын алды. Осындай оқиғаның бірі үстіміздегі жылдың 10 мамыр күні орын алды. Қаладағы үйлердің бірінде атыс болып, 5 адамға оқ тиіп, ауруханаға жеткізілген болатын.
Жәбірленушілердің барлығы да 18 бен 25 жас аралығындағы жігіттер. Аталған оқиғадан кейін полиция қызметкерлері қасақана адам өлтірмек болды деген күдікпен Теміртау қаласының 20 жасар тұрғынын ұстады.
ЖИТС дертінің таралуы бойынша Қарағанды облысы елімізде Алматы қаласы мен Павлодар облысынан кейінгі үшінші орында. Облыстағы ЖИТС-пен ауыратындардың 60 пайызы Теміртауда тұрады. Яғни үш мыңнан аса теміртаулық АИТВ вирусын жұқтырған. Өкінішке орай, қаладағы нашақорлар мен ЖИТС дертін жұқтырғандардың саны жыл өткен сайын көбеймесе, азаяр емес. Қазіргі уақытта ЖИТС-тің 65 пайызы жыныстық жолмен таралуда. Бір ғана мысал, жақында ғана теміртаулық тұрғын өзінің ЖИТС-пен сырқаттанған біле тұра, әйелдермен қорғалмаған төсек қатынасына түсіп, оларға қасақана инфекция жұқтырған. 28 жастағы Теміртау тұрғынына қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Үстіміздегі жылдың тамыз айында теміртаулықтардың ғана емес, барлық қазақстандықтардың жағасын ұстатқан жағдай орын алды. Қаладағы жекенменшік балабақшаларының бірінде тәрбиеші жылаған баланы көрпемен тұншықтырып, тыныштандырмақ болған.
Жантүршігерлік істің видеосы ғаламторда таралып, қоғамда үлкен резонанс тудырды. Бірнеше айға созылған сот процесі қараша айында аяқталып, баланы ұйықтатпақ болып үстінен көрпемен басып тұншықтырған теміртаулық Үміт Пірмеханова ҚР Қылмыстық Кодексінің 140 бабы, 2 тармағына сай кінәлі деп табылып, тәрбиеші 120 сағат қоғамдық жұмыстар жасайтын болды. Сондай-ақ, Үміт Пірмехановаға үш жыл бойы кәмелет жасқа толмаған балалармен жұмыс жасауға тыйым салынды. Зардап шегуші тараптың арызы қанағаттандырылып, айыпталушы 200 мың теңге өтемақы төлейтін болды.
2018 жылдың қараша айында Теміртау қаласында қала тұрғындарын дүрліктірген тағы бір қылмыс орын алды. Қаланың көпқабатты үйлердің біріндегі лифтте 32 жастағы әйелді 60 жерінен пышақтап, қылқындырып, өлтіріп кеткен. Аталған қылмысқа байланысты Теміртау қаласының 37 жастағы тұрғыны ұсталды. Күдікті әйел қылмысын мойындаған. ҚР Қылмыстық кодексінің «адам өлтіру» бабына байланысты іс қозғалған.
Тас жол қателікті кешірмейді!
Жезқазғанда жол апаты жиілеп, қаза болғандар саны артты
Биылғы жыл жезқазғандықтардың есінде жол апаттарының жиіліп кетуімен есте қалды. 10 тамыз күні Жезқазған мен Сәтбаев қалаларын жалғайтын тас жолда бірден 3 жеңіл көлік соқтығысты. Жол апаты салдарын екі адам көз жұмып, алты адам әртүрлі дене жарақатымен ауруxанаға
Бір ай уақыттан кейін«Жезқазған-Сәтбаев» бағытындағы тас жолдың дәл осы тұсында тағы да бір жантүршігерлік жол апаты болып, бұл жолы үш адамның өмірі қиылды.
Қарағанды облысының ІІД-нің ақпараты бойынша, «Toyota Camry» тізгіндеген 47 жастағы қала тұрғыны жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, қарама-қарсы келе жатқан «Volkswagen Passat» маркалы көлікке соғылған. Екі көліктің бетпе-бет соқтығысуы салдарынан «Volkswagen Passat» көлігінің рөлінде отырған 43 жастағы ер адам мен оның екі жолаушысы оқиға орнында көз жұмған. «Toyota Camry» машинасының жүргізушісі әртүрлі дене жарақатымен ауруxанаға жеткізілген.
Қарағанды облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, аймақта жол көлік оқиғасы салдарынан қаза табатындар мен зардап шегетіндердің қатары азаймай тұр. Осы жылдың 10 айында облыста 457 жол көлік оқиғасы тіркеліп, оның салдарынан 161 адам көз жұмып, 558 адам жарақат алған. Өткен жылмен салыстырғанда қаза болғандардың саны 36,4 пайызға артқан. Ведомоства мәліметінше, тас жолдағы апаттардың көпшілігі жеңіл көлік жүргізушілерінің салғырттығынан болады. Жол көлік оқиғаларының көпшілігі жылдамдықты асыру, жолдың қарсы бетіне шығу, ішімдік ішкен күйде рульге отыру сияқты себептерден орын алады екен.
«АрселорМиттал Теміртау» кәсіпордарында төтенше оқиғалар азаймай отыр
Қарағандыдағы «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорнына тиесілі шахталар мен өндіріс орындарындағы төтенше жағдайлар жиілеп, жұмысшылардың өміріне қауіп төндірді. 10 наурыз күні «Костенко» атындағы кеніште өрт шықты. Абырой болғанда қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Төтенше жағдай болған уақытта жер астында жұмыс істеп жүрген кеншілер бірден жоғарыға көтерілген. Зардап шеккендер мен қаза болғандар жоқ.
Шахтадағы өрт 5 күннен кейін ауыздықталып, жағдай тұрақталды. Бес күн бойы ырық бермеген тілсіз жауды ауыздықтау үшін апаттық учаскеге келетін ауаны қысқарту қажет болған.
«АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорындарында 10 қараша күні тағы да төтенше жағдай орын алды. Теміртаудағы металлургиялық комбинатының конверторлық цеxының сыртқы жағындағы газ құбырында өрт орын алды. Абырой болғанда зардап шеккендер мен қаза болғандар жоқ.
Жібек МҰҚАШЕВА