Астанада Израиль мен Қазақстан арасындағы алғашқы Өңіраралық ынтымақтастық форумы өтті. Бұл шара Израильдің Өңіраралық ынтымақтастық министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылды. Форумға екі елдің жоғары лауазымды өкілдері қатысып, стратегиялық серіктестікті нығайтудың жолдарын талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Форум барысында тараптар сауда, инвестиция, білім және су ресурстарын басқару салаларында ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті екендерін білдірді. Қос тарап нақты жоспарлар мен бастамаларын таныстырды.

Қазақстанның Израильдегі Төтенше және өкілетті елшісі Дәулет Ембердиевтің айтуынша, екі ел арасындағы экономикалық байланыстар қарқынды дамып келеді.
Өткен жылы Қазақстан мен Израиль арасындағы тауар айналымы 236 миллион долларға жетті. Біз бұл көрсеткішті 1 миллиард долларға дейін арттыруға болады деп есептейміз. Қазақстан Израильге металлургия және машина жасау өнімдерін жеткізуді көбейтуге дайын, – деді елші.
Сонымен қатар, елші Қазақстан ауыл шаруашылығы мен ет өнімдерін де Израиль нарығына экспорттауды жоспарлап отырғанын атап өтті. 2024 жылы Израильден Қазақстанға тікелей инвестиция көлемі 53,7 миллион долларды құраған. 2005 жылдан бері жалпы инвестиция көлемі 442,2 миллион долларға жеткен.

Бүгінде Қазақстанда Израильмен бірлескен 180 кәсіпорын табысты жұмыс істеп жатыр. Біз шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасап отырмыз және израильдік бизнеске қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Дәулет Тазабекұлы.
Екі ел арасындағы ынтымақтастық тек экономикамен шектелмейді. Білім және ғылым салалары да маңызды бағыттардың бірі. Елшінің айтуынша, "Болашақ" және МАШАВ бағдарламалары арқылы қазақстандық дәрігерлер мен жас мамандар Израильде құнды тәжірибе жинақтап жүр.
Келесі кезеңде біз су ресурстарын басқару мен биотехнология сияқты маңызды салаларда қазақстандық студенттер мен мұғалімдердің біліктілігін арттыруға арналған арнайы қаржыландырылатын білім беру бағдарламасын әзірлеуді ұсынамыз, – деді ол.
Сондай-ақ, елші Қазақстан Израильмен бірге алғашқы жастар форумын өткізуге дайын екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, Қазақстан Еуразияда ірі академиялық хабқа айналуға әлеуеті бар.
Қазақстанда Alem.AI атты халықаралық жасанды интеллект орталығы құрылды. Біз IT, киберқауіпсіздік және электрондық үкімет салаларында өңірлік көшбасшымыз, – деді Дәулет Ембердиев.
Израильдің Өңіраралық ынтымақтастық министрлігінің бас директор орынбасары, бағдарламаның негізін қалаушы Эяль Элиэзер екі ел арасындағы байланыс жыл сайын нығайып келе жатқанын атап өтті.
.jpeg)
Біздің елдер арасындағы қарым-қатынас қарқынды дамып келеді. Біз жастарды оқыту, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, зерттеу және басқа да бағыттар бойынша ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделіміз, – деді ол.
Израильлік өкіл су ресурстарын пайдалану, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және білім беру салаларындағы бірлескен жобаларға ерекше назар аударды. Оның айтуынша, Израиль технологияларын күнделікті өмір мен білім беру жүйесіне енгізу жоспарланып отыр.
Біз ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған кешенді жобалармен де айналысып жатырмыз. Бұл бастамалар балалардың өздеріне ғана емес, олардың ата-аналарына, мұғалімдеріне және психологтарға да қолдау көрсетуге бағытталған, – деп түсіндірді Элиэзер.
Сондай-ақ, ол білім беру мен денсаулық сақтау салаларындағы өсіп келе жатқан ынтымақтастықты нақты деректермен растады.
Израильге келіп жатқан қазақстандық студенттердің саны артып келеді. Сол сияқты, Израильден Қазақстанға дәріс оқуға және семинар өткізуге келетін сарапшылар да көбейіп отыр. Бұл бастамалар арқылы мыңдаған адам білім және тәжірибе алмасты, – деді ол.

Форум барысында су ресурстарын басқару, денсаулық сақтау, инклюзивті білім, цифрлық даму, жасанды интеллект және стартаптарды қолдау бағыттары бойынша жаңа жобалар ұсынылды.