IT маман Аршат Ораз неге кейбір адамдардың жасанды интеллектінің күшінен қорқатынын түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Еске салайық, бүгін Мәжілісте жасанды интеллект туралы заң талқыланды. Депутат Дәулет Мұқаев оқушыларға ЖИ-ді қолдануға тыйым салу керек десе, енді бір депутат Анас Баққожаев ChatGPT-ден қорқатынын айтты.
Бұл – қоғамның қалыпты реакциясы
Жалпы жаңа нәрсе шыққанда, жаңа технология енгізілген кезде қоғам бастапқыда қарсылық танытады. Бұл – кез келген жаңа технология пайда болғанда қайталанатын заңдылық. Адамзат тарихында теледидар, радио, интернет, калькулятор, компьютер, смартфон сияқты технологиялар алғаш пайда болғанда да, қоғамда үрей тудырған, - дейді Ораз.
Қарапайым мысалдар:
- Кітап баспасы (XV ғасыр) – Көпшілік кітап басуды күдікпен қабылдады. Кейбір дін өкілдері "адамдар ойлануды қояды" деп алаңдады.
- Калькуляторлар (XX ғасыр) – Мұғалімдер "бұл оқушылардың математика ойлау қабілетін төмендетеді" деді. Бірақ, керісінше, күрделі есептерді шешу жеңілдеді.
- Теледидар (XX ғасыр) – "Балалар кітап оқымайды, теледидар миға зиян" деген пікірлер болды. Бірақ ол жаңа ақпарат тарату құралына айналды.
- Интернет (XX-XXI ғасыр) – "Газеттер өледі, адамдар оқуды қояды" деген пікірлер болды. Бүгінде интернет – негізгі ақпарат көзі.
- Жасанды интеллект (XXI ғасыр) – "Ойлау қабілетін әлсіретеді, шығармашылыққа зиян" деген күдік бар. Бірақ ЖИ шығармашылықты толық ауыстырмайды, керісінше, оны жаңа деңгейге көтереді.
Аршат Ораз қоғамның ЖИ-ден үрейленуінің себептеріне тоқталды. Олар:
- Белгісіздік факторы – адамдар жаңа нәрсені әлі дұрыс түсінбегендіктен қорқады;
- Қолданысты білмеу – ЖИ-ді қалай дұрыс қолдану керектігін үйрету қажет;
- Дәстүрлі ойлаудан айырылу – кейбір адамдар технологияларды өз жұмысына қауіп ретінде көреді, яғни "жұмысымнан айрылып қаламын" деп қорқады.
Жасанды интеллекттің шын мәнінде пайдалары қандай болмақ:
- Ойлау қабілетін дамытады – ЖИ жауап бергенімен, оны дұрыс сұрай білу керек. Бұл – сыни ойлау дағдысын дамытады.
- Шығармашылықты күшейтеді – ЖИ идеялар ұсынады, бірақ оны әрі қарай адам өзі дамытады.
- Білім беруді жетілдіреді – оқушыларға күрделі тақырыптарды түсіндіруде көмекші құрал бола алады.
- Еңбек нарығын өзгертеді – адамдарды механикалық жұмыстан босатып, креативті және жоғары интеллект қажет ететін жұмыстарға бағыттайды.
Жаңа технологиялардан қорқу – табиғи процесс, бірақ оларды дұрыс бағытта пайдалану арқылы қоғамға пайдасын тигізуге болады. Депутаттар да ЖИ-ге қарсы болудың орнына, оны қалай тиімді қолдану керектігіне назар аударуы тиіс. Кезінде интернетті жаппады, смартфондарды шектемеді, калькуляторды тыймады. Жасанды интеллект те адамдардың мүмкіндіктерін арттыратын құрал екенін түсіну маңызды, - дейді IT саласының сарапшысы.