АҚШ пен Иран атысты тоқтату режимін ұзарту туралы келісімге келді

Тараптар енді Трамптың мақұлдауын күтіп отыр.

 depositphoto.com Бүгiн 2026, 09:42
Бүгiн 2026, 09:42
800
Фото: depositphoto.com

АҚШ пен Иран атысты тоқтату режимін ұзарту және Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасына қойылған шектеулерді алып тастау жөнінде келісімге келді. Бұл туралы Reuters агенттігі дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады. Алайда келісімді АҚШ президенті Дональд Трамп әлі мақұлдамаған, ал Иранның мемлекеттік БАҚ-тары құжаттың толық келісілмегенін мәлімдеді.

Жағдайдан хабардар төрт дереккөздің айтуынша, келісім қолдау тапса, қолданыстағы бітім тағы 60 күнге ұзартылады. Сонымен қатар, стратегиялық маңызы жоғары Ормуз бұғазы арқылы кеме қозғалысы қайта жанданып, тараптар Иранның ядролық бағдарламасы секілді күрделі мәселелер бойынша келіссөздерді жалғастырады.

Егер келісім Вашингтон мен Тегеран басшылығы тарапынан бекітілсе, бұл 28 ақпанда басталған қақтығыстан бергі бейбітшілікке бағытталған ең ірі қадам болуы мүмкін.

Мәміле туралы ақпарат сәуір айының басында енгізілген атысты тоқтату режимінен кейінгі өзара айыптаулар мен шиеленістер аясында тарады.

Дереккөздердің мәліметінше, Трамп әзірге келісімді мақұлдамаған. Ал Иран тарапы бұл мәселеге қатысты ресми пікір білдірген жоқ. 

Иранның ақпарат агенттіктері келіссөздер тобына жақын дереккөзге сүйеніп, келісім мәтіні әлі толық дайындалып, бекітілмегенін хабарлады. АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс Вашингтонда журналистерге берген сұхбатында келісімге жақын қалғандарын айтты.

Біз әлі мақсатымызға жеткен жоқпыз, бірақ өте жақын тұрмыз және осы бағыттағы жұмысты жалғастырамыз, – деді ол.

Сондай-ақ Вэнс нақты кепілдік бере алмайтынын, бірақ қазіргі жағдайға сеніммен қарап отырғанын жеткізді.

Трамп әкімшілігі бұған дейін бірнеше рет соғыс қимылдарын тоқтату туралы келісім жақын арада жасалатынын мәлімдеген. Алайда Иран мұндай мәлімдемелерді бірнеше рет жоққа шығарып немесе маңызын төмендетуге тырысқан.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, жаңа келісім Ормуз бұғазы арқылы кемелердің еркін қозғалуына мүмкіндік береді және АҚШ-ты Иран порттарына қойылған блокаданы жеңілдетуге міндеттейді. Сонымен бірге Вашингтон Иран мұнайын сатуға қатысты кейбір санкцияларды алып тастауы мүмкін.

Бұл жаңалықтар мұнай бағасының төмендеуіне әсер етті. Себебі Ормуз бұғазы әлемдік мұнай мен сұйытылған табиғи газ жеткізілімінің шамамен бестен бір бөлігі өтетін негізгі транзиттік бағыт саналады.

Сонымен қатар, АҚШ-тың Орталық қолбасшылығы өз күштері Иранның бес соққы жасайтын дронын атып түсіргенін мәлімдеді. Бұдан бөлек, Бандар-Аббас порт қаласындағы алтыншы дронды ұшыруға дайындалып жатқан басқару станциясына соққы жасалған.

Кейін Кувейт әскері ел аумағына бағытталған баллистикалық зымыранды әуеде жойғанын хабарлады. Бұл елде АҚШ-тың ірі әскери базаларының бірі орналасқан.

Наверх