Ит асыраушыларға да жауапкершілікті күшейту қажет

7 Шілде 2022, 15:45
2233
Бөлісу:
Ит асыраушыларға да жауапкершілікті күшейту қажет

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ақмола өңірінде де иесіз жануарлар проблемасы өзекті.

«AMANAT» партиясының Ақмола өңірлік филиалында Экология мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңес отырысында иесіз жануарларды есепке алу және бақылау, зарарсыздандыру, панажай салу мәселелері талқыланды.

Жануарларды қорғаудың халықаралық қайырымдылық қорының құрылтайшысы Ильмира Әділова атап өткендей, мәселе түбегейлі шешілмеген күйінде қалып отыр. Ең маңыздыларының бірі – стерильдеу, оған қандай да бір себептермен республикалық бюджеттен қаржы бөлінбейді. 

Қазіргі күні «ит қапты, ит талады» деген ақпарат әлеуметтік желіні жарады. Алайда, ит асырайтын тұрғын үйлер мен жеке сектор тұрғындары өздерін жазасыз сезінеді, өйткені жауапкершілік жоқ. «Жануарларға қатыгездікпен қарау туралы» 316-бап қағазда ғана бар, іс жүзінде ол жұмыс істемейді, – дейді Ильмира Әділова.

Оның пікірінше, үй жануарларын қорғаушылар көбіне өз қаражаттарын салады. 

Ал жануарлар жаппай зарарсыздандырылмаса, көбейе береді және оларды ұстайтын панажай қажет. Тағы да маңызды мәселелердің бірі – жертөлелер. Тұрғын үйлердің бірінші қабаттары ылғалды. Тұрғындар жертөлелерді паналайтын иесіз ит-мысықтар жұқпалы ауру тарататынына шағымданады, – деп түсіндірді ол. 

Жануарларды қорғау ұйымының еріктісі Ангелина Мелетенконың айтуынша, олардың ұйымы 2017 жылдың қарашасынан бастап жұмыс істейді және адамның кінәсінен зардап шеккен ауру жануарларға көмектесуге тікелей мамандандырылған. Ауыр жағдайда, көшеде жүре алмайтын жануарларды ерікті қайырымдылық көмек арқылы емдейді және ұстайды.

Қазіргі уақытта біздің қамқорлығымызда 25 ит бар. Бірақ біздің 6 сотық жеке меншік аумақ жануарларды көп мөлшерде қабылдауға мүмкіндік бермейді. Сондықтан қалаға 500-ден 1500-ге дейін ит ұстау үшін жеткілікті аумағы бар панажай қажет деп санаймыз, – деді Ангелина Мелетенко.

Ол атап өткендей, панажайда жануарларды зарарсыздандыру, вакцинациялау және емдеумен айналысатын ветеринарлар жұмыс істеуі керек.

Иттерді жаппай жоюмен мәселе шешілмейді. Ондаған жылдар бойы бұл әдіспен қаңғыбас жануарлардың саны азайған жоқ. Ол үшін халық арасында үй жануарларын ұстау және серуендету ережелерін, оларды есепке алу, зарарсыздандыру мен кастрация бағасын төмендету, үйсіз жануарларды ұстауға арналған панажай салу мәселесін түсіндіру қажет, – деп атап өтті Ангелина Мелетенко.

Ақмола облыстық ветеринария басқармасының басшысы Талғат Жүнісовтың айтуынша, өңірде 2022 жылы «Қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулауды және жоюды ұйымдастыру» бағдарламасы бойынша 39 млн теңге бөлінген. 

Жыл басынан бері 31 млн теңгеге 10 461 мың қаңғыбас иттер мен мысықтар ауланып, жойылды. Алайда, «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңның күшіне енуіне байланысты облыстың ветеринарлық станциялары қаңғыбас ит-мысықтарды аулау және жою жұмыстарын жүргізе алмайды. Заңға сәйкес қараусыз жануарларды уақытша ұстау пункттерінде немесе жануарларға арналған панажайларда ұстау қарастырылған, – дейді басқарма басшысы. 

Ол атап өткендей, химиялық препараттарды пайдалануды қоса алғанда, кез келген тәсілмен жансыздандыру арқылы қаңғыбас жануарлардың санын реттеуге тыйым салынады.

Қазіргі уақытта қаңғыбас иттерге қатысты тұрғындар шағымы жиілеп кетті. Иесіз жануарлар бақылаусыз, барлық жерде қозғалады және қауіпті ауруларды жұқтыруы мүмкін. Зарарсыздандырылған жануарлардың құтыру ауруына шалдықпайтынына, сібір жарасының тасымалдаушысы болмайтынына кім кепілдік бере алады? – дейді Талғат Жүнісов.

Бірқатар мамандар мәселені бірлескен күш-жігермен шешу қажеттігін айтады. 

Бұрын бізде қаңғыбас иттердің қанша адамға зиян келтіргеніне байланысты есеп болды. Әрине, үй жануарларын қорғаушылар үлкен жұмыс атқарады, бірақ қаңғыбас иттерден зиян көп. Зарарсыздандыру нормативтік-құқықтық акт күшіне енген тамыз айында, жергілікті атқарушы органдар, мәслихаттар қаражат бөлген кезде жасалады. Қазірдің өзінде қандай дәріханалар мен клиникалар айналысатынына мониторинг жүргізіліп жатыр – дейді ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің Ақмола облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Серік Әкімбетов.

Ол атап өткендей, бүкіл Қазақстан бойынша биологиялық қауіпсіздікті зерттеу мониторингінің жоспары бар. 

Зертханаларда облыстар бойынша қаражат бөлінеді, сәйкесінше әр аймақтың ветеринарлық дәрігерлері зерттеу үшін биоматериал ұсынуы керек. Бұл тек үй жануарларына ғана емес, үй-күйсіз жүрген адамдарға да қатысты. Сонымен қатар, мемлекет үй жануарларына құтыруға қарсы вакцинация жүргізуде. Жоспар бар, қаражат бөлінеді, – деп нақтылады ол. 

Бүгінгі күні Ақмола облысы аумағында құтыру бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Соңғы бес жыл ішінде аталған аурумен науқастар тіркелген жоқ.

2021 жылы облыс бойынша жануарлар арасында құтырудың үш жағдайы анықталды. Бұл вирустың сыртқы ортада таралатынын және үй жануарлары немесе қаңғыбас адамдар оны жұқтыруы мүмкін екенін білдіреді, – деп атап өтті облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Айнагүл Мусина.

Қалалық мәслихат депутаты Мәриям Әбішева қаңғыбас жануарларды атуға тыйым салатын заң күшіне енгенімен салалық мемлекеттік органдар ит-мысықтардың санын реттеудің адамгершілік әдістеріне дайын болмады.

Қараусыз жануарларға да қамқорлық қажет. Осы ретте ит асыраушыларға да жауапкершілікті күшейту қажет. Көп жағдайда күшіктер мен мысықтар қорапқа салынып қала сыртына шығарылады. Қаңғыбас жануарлар осылай көбейеді. Шілде айында стерильдеуге және чип салуға бюджет қаражатын бөлуге мүмкіндік беретін заң күшіне енеді. Алайда уақытша паналауды ұйымдастыру мәселесі ашық күйінде қалып отыр. Құқық қорғау органдары жануарларға қатыгездікпен қарайтындармен күресті күшейту қажет. Біз адамгершілік тұрғыда мәселені шешудің тиімді тәсілдерін табуымыз қажет, – дейді Мәриям Әбішева.

Оның мәліметінше, 500 жануарға арналған бір баспана салуға және жылдық күтіп-ұстауға орташа есеппен 41 025 000 теңге талап етіледі.

Осылайша, облыстың әр өңірінде жануарларға арналған бір баспана салу үшін шамамен 7,9 млрд теңге қажет болады. 2019 жылы облыс аумағында 19984 қаңғыбас ит-мысық ауланған. Оған қоса, ветеринарлық клиникада бір итті зарарсыздандыру оның иелеріне 35-тен 70 мың теңгеге дейін шығын әкеледі. Қажетті вакцинациядан кейін иттерді чиптеу керек. Ал бір итті чиптеу 6500 теңге тұрады, – дейді халық қалаулысы.

Өзгелердің жаңалығы