Испаниядағы алапат орман өрті: Кемінде 12 адам қаза тауып, 23 адам із-түзсіз жоғалды

Қаза тапқандардың көбі шетелдік азаматтар.

 ©️ X әлеуметтік желісінен 10 Шілде 2026, 18:40
10 Шілде 2026, 18:40
193
Фото: ©️ X әлеуметтік желісінен

Испанияның оңтүстігіндегі жойқын орман өрті салдарынан кемінде 12 адам қаза тауып, тағы 23 адам із-түзсіз жоғалып кетті. Жергілікті билік өкілдерінің мәліметінше, өртті ауыздықтау жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Бұл соңғы жылдардағы елдегі ең адам шығыны көп табиғи апаттардың бірі саналады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Андалусия өңірінің төтенше жағдайлар қызметінің басшысы Антонио Санстың айтуынша, қаза тапқандардың бірі – Испания азаматы, қалғандары алдын ала мәлімет бойынша шетелдік азаматтар, деп жазады Reuters. Олар биліктің қауіпсіз жерде қалып, эвакуация жөніндегі нұсқауларын орындаудың орнына автокөлікпен қашуға әрекеттенген.

Өрт Альмерия провинциясындағы Лос-Гальярдос қаласы маңындағы орман алқабында тез тараған. Бұл өңір – туристер көп келетін аймақ. Мұнда әсіресе Франция, Ұлыбритания және Бельгия азаматтары жиі тұрады.

Құтқарушылардың мәліметінше, оң жақ рөлді көліктен төрт адамның мәйіті табылған. Олардың Ұлыбритания азаматтары болуы мүмкін. Тағы жеті адам көліктерін тастап, эвакуация жоспарына кірмейтін бағытпен жаяу қашуға әрекеттенген кезде көз жұмған.

Салдары өте ауыр болды. Қаза тапқандардың басым бөлігі, тіпті барлығы шетел азаматтары болуы мүмкін, – деді Антонио Санс.

Андалусия автономиялық үкіметінің басшысы Хуан Мануэль Мореноның айтуынша, қазіргі уақытта 23 адам хабар-ошарсыз кеткен. Олардың арасында жаяу туристер болуы ықтимал. Құтқарушылар оқиға орнынан бірнеше жаяу серуендеуге арналған таяқтарды тапқан.

Олар орман ішінде аяқ астынан шыққан өрттің ортасында қалып қойған сияқты. Мұндай жағдайда адамдар қай бағытпен шығу керегін білмей қалады, – деді Морено.

Өрт маусымы биыл ерте басталды

Мамандардың айтуынша, Испанияда жаздың басынан бері болған аптап ыстық салдарынан өсімдіктер ерте қурап, орман өрттерінің қаупі айтарлықтай артқан.

Еуропалық орман өрттері жөніндегі ақпараттық жүйенің (EFFIS) дерегіне сәйкес, биыл Испанияда шамамен 57 мың гектар аумақ отқа оранған. Бұл соңғы жиырма жылдағы орташа жылдық көрсеткіштің шамамен жартысына тең. Сонымен қатар Еуропалық одақ аумағында өртенген жердің 40 пайызы Испанияның үлесіне тиесілі.

Еске салайық, бұған дейін Еуропаның бірнеше елінде орман өрті өршіп тұрғаны хабарланды

Наверх