Испанияда жүздеген мигрант наразылық ұйымдастырып, баспана беруді талап етті

Қазір Сеутада 5 мыңнан 8 мыңға дейін мигрант қалды.

17 Тамыз 2026, 15:47
АВТОР
 Reuters видеосынан кадр 17 Тамыз 2026, 15:47
17 Тамыз 2026, 15:47
191
Фото: Reuters видеосынан кадр

Испанияның Солтүстік Африкадағы анклавы – Сеута қаласындағы жағажайларының бірінде жүздеген мигрант наразылық акциясына шықты. Олар Испания билігінен өздеріне баспана беруді және Мароккоға қайтармауды талап етті, деп хабарлайды Reuters.

Наразылыққа қатысушылар шамамен екі апта бұрын шекарадан жаппай өткеннен кейін Сеутада қалып отырған мыңдаған адамның қатарында. Сол кезде анклав аумағына 72 мыңнан астам адам кіруге тырысқан болатын. Кейін олардың көпшілігі өз еркімен кері қайтты.

Бағалаулар бойынша, қазір Сеутада 5 мыңнан 8 мыңға дейін мигрант қалды. Олардың көбі Эль-Трамплин жағажайында және қала шетінде ауыр жағдайда өмір сүріп жатыр, сондай-ақ болашақта континенталды Еуропаға өтуден үміттенеді.

«Біз қайтқымыз келмейді»

Акция кезінде мигранттар Испания туларын және «Біз Мароккоға қайтқымыз келмейді», «Біз де адамбыз» деген жазулары бар плакаттар ұстап тұрды. Қатысушылар күтуден шаршағанын айтып, биліктен шешім қабылдауды талап етіп ұрандатты.

Марокконың Тетуан қаласынан келген мигранттардың бірі Reuters агенттігіне адамдарға теңіз жағасында ұйықтауға тура келетінін, ал полиция олардың қала орталығына баруына шектеу қойып отырғанын айтты.

Алайда Испания билігі қатаң ұстанымда. Ішкі істер министрі Фернандо Гранде-Марласка бұған дейін шекарадан заңсыз өткен мигранттарға Сеутада қалуға, Испанияның материктік бөлігіне өтуге немесе заңдастырылуға рұқсат етілмейтінін мәлімдеген еді. Ерекше жағдайлар мен аса осал топтарға ғана жеңілдіктер жасалуы мүмкін.

Дәрігерлер жүктеменің артып жатқанын хабарлайды

Адамдардың жаппай келуі халқы шамамен 80 мың адам болатын шағын анклавқа үлкен салмақ түсірді.

Сеута медициналық колледжінің басшысы Энрике Ровиральта жергілікті дәрігерлердің қатты шаршағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, мигранттар арасында жұқпалы диарея мен қышыма аурулары, сондай-ақ жанжалдардан болған жарақаттар саны артып келеді.

Өз кезегінде Испанияның денсаулық сақтау министрі Моника Гарсия денсаулық сақтау жүйесі «құлдырады» деген мәлімдемелерді жоққа шығарды. Ол жүктеменің артқанын мойындай отырып, мигранттардың өзі үшін эпидемиологиялық қауіп орташа, ал Сеута тұрғындары үшін төмен деп бағаланатынын атап өтті.

Адамдар неге қайтқысы келмейді?

Reuters сауал жүргізген мигранттар Еуропаға барғысы келуінің түрлі себептерін атады. Мароккодан келгендердің көбі төмен жалақы мен экономикалық болашақтың жоқтығын алға тарртады.

Келгендердің арасында Нигерия, Бангладеш, Сенегал және басқа да елдердің азаматтары бар. Кейбіреулері бірнеше мемлекетті кесіп өтіп, қауіпті жолдарды еңсеріп, Сеутаға дейін айлап жеткендерін айтты.

Қазір мыңдаған адам өз тағдырының шешімін күтуде, алайда испан билігі әзірге олардың көпшілігіне континенталды Еуропаға қарай жолды жалғастыруға рұқсат беруді жоспарлап отырған жоқ.

Бәрі қалай басталды?

Испанияның Сеута анклавындағы көші-қон дағдарысы шілде айының соңында күрт ушықты. Он мыңдаған адам Мароккодан құрлық және теңіз арқылы сол жаққа өтуге тырысты. Испания ІІМ мәліметі бойынша, бір күннің өзінде шекарадан шамамен 49 мың адам өтіп, жаппай өтушілердің жалпы саны 70 мыңнан асқан.

Кейін олардың көпшілігі Мароккоға өз еркімен қайтып оралды.

Испания Сеутаға әскерилерді жіберді

Дағдарыс ауқымына байланысты Сеута билігі Мадридтен көмек сұрады. Қалаға Азаматтық гвардияға қолдау көрсету және қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін әскерилер жіберілді.

Шекарадан өту әрекеттері кезінде ондаған адам қаза тапты. Кейіннен құрбандар саны өсе түсті.

1 тамыз: Теңізде қалқымалы барьер пайда болды

Испания теңіз шекарасынан заңсыз өтуді қиындату үшін Сеута жағалауына ұзындығы 500 метр болатын қалқымалы барьер орнатты.

Мигранттар жиі пайдаланатын негізгі бағыттардың бірі – Тарахаль толқынқорғағының маңында біріктірілген қалтқылардан тұратын жүйе пайда болды.

4 тамыз: Дағдарысты ЕО елдері талқылады

Еуроодақ ішкі істер министрлері шұғыл кездесу өткізді. Жаппай ағылудың себептерінің бірі ретінде әлеуметтік желілердегі жалған ақпарат аталды: адамдарға Сеута арқылы Еуропаға еш кедергісіз жетуге болады деген хабар таратылған.

ЕО сыртқы шекараларды бақылауды күшейтуге, контрабандашыларға және осындай ақпараттық фейктерге қарсы күресуге келісті.

Қаза тапқандар саны 100-ге жақындады

Кейін Сеута әкімшілігінің басшысы Хуан Хесус Вивас Мароккодан анклавқа өтуге тырысқан кезде шамамен 100 адамның қаза тапқанын мәлімдеді.

Мигранттардың көпшілігі кері қайтқанымен, қалада бірнеше мың адам қалды. Әсіресе кәмелетке толмағандардың жағдайы күрделі болды: шамамен 90 жасөспірімге есептелген орталықтар 1,1 мыңға жуық баланы қабылдады.

Наверх