Исландия тұрғындары елдің Еуропалық одаққа кіруіне қарсы дауыс берді. Бұл туралы RUV телерадиокомпаниясына сілтеме жасаған Reuters хабарлады.
Бір округте дауыстарды санау әлі аяқталмағанымен, қалған бюллетеньдер дауыс беру нәтижесін өзгерте алмайды деп күтілуде.
Референдумды Еуроодаққа кіру жөніндегі келіссөздерді қайта бастауды ұсынған үкімет өткізді. Билік ЕО мүшелігін сауда қақтығыстарының тәуекелдерін азайтып, Арктикадағы бәсекелестік күшейген тұста елдің позициясын нығайтудың бір жолы ретінде қарастырған.
Премьер-министр Криструн Фростадоуттир бұған дейін референдумның теріс нәтижесі ЕО-ға кіру мәселесін белгісіз мерзімге кейінге шегеретінін айтқан.
Еуроодаққа қосылуды қолдаушылар мүшелік пайыздық мөлшерлемелерді төмендетуге және ел экономикасының тұрақтылығын нығайтуға мүмкіндік береді деп есептеді. Сондай-ақ олар Украинадағы соғыс пен АҚШ президенті Дональд Трамптың Гренландияға қатысты мәлімдемелері аясында ЕО-ға кіруді қосымша қауіпсіздік кепілдіктерімен байланыстырды.
Ал қарсы тарап ЕО мүшелігі Исландияның егемендігіне және балық аулау аймақтарын бақылауына қауіп төндіруі мүмкін екенін алға тартты.
Исландия 2009 жылы қаржы дағдарысының салдарын бастан өткеріп жатқан кезде Еуроодаққа кіруге өтініш берген. Алайда 2013 жылы еуроскептикалық үкімет келіссөздерді тоқтатты.
Референдум алдындағы науқанның негізгі тақырыптары пайыздық мөлшерлемелер, өмір сүру құны және балық аулау құқығы болды. Исландия Орталық банкінің базалық мөлшерлемесі 8%-ды, ал Еуропалық орталық банктің мөлшерлемесі 2,25%-ды құрайды.
ЕО-ға кіруді жақтаушылар одаққа мүше болып, кейін еуроға көшу несие құнын төмендетуге көмектеседі деп үміттенді. Қарсы тарап елдің экономикалық мәселелерін Исландия өз күшімен шешуі керек деген пікірде болды.
Балық шаруашылығы мәселесі де қызу пікірталас тудырды. ЕО ережелеріне сәйкес квоталар тарихи балық аулау көлемі ескеріле отырып бөлінеді. Кейбір исландиялық шенеуніктер ЕО елдері ондаған жыл бойы Исландия суларында балық ауламағандықтан, ел өз су айдындарын бақылауды сақтап қала алады деп мәлімдеді. ЕО мүшелігіне қарсы тарап бұл пікірмен келіспеді.