Исламабадта қазақстандық сауда үйі ашылуы мүмкін

8 Сәуір 2023, 11:59
803
Бөлісу:
Исламабадта қазақстандық сауда үйі ашылуы мүмкін
Фото: ortcom.kz

Пәкістан астанасы Исламабад қаласында қазақстандық сауда үйі ашылуы мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы Сауда және интеграция вице-министрі Арман Шакқалиев мәлімдеді.

Айта кетерлігі, Пәкістан Ислам Республикасының Лахор қаласында Қазақстанның құрметті консулы Рао Халид Махмуд бастаған пәкістандық бизнес-делегациямен кездесті. Кездесуде Қазақстан мен Пәкістан бірлескен экспорттық-импорттық компания құруды талқылады.

Біз Исламабадта қазақстандық сауда үйінің ашылуына үлкен үміт артып отырмыз. Негізгі міндет – елдеріміз арасындағы тауар айналымын арттыру. Қазіргі геосаяси жағдайда азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері бірінші орынға шығады. Қазақстандық компаниялар Пәкістан нарығына 80-ге жуық тауар, атап айтқанда, азық-түлік өнімдері мен ауыл шаруашылығы техникасын жеткізе алады, - деп атап өтті вице-министр.

Жедел өзара іс-қимыл жасау үшін кездесуге қатысушылар қадамдық іс-қимыл жоспарын әзірлеуге және экспорт-импортқа арналған тауарлар тізбесімен алмасуға келісті.

Пәкістан Қазақстан үшін үшінші елдердің нарығына шығатын терезе болады. Біз өз тарапымыздан Пәкістанға QazTrade-мен бірлескен Қазақстан-Пәкістан компаниясын құру арқылы ЕАЭО нарығына шығуды ұсынамыз , - деді Арман Шакқалиев.

Консул Рао Халид Махмудтың айтуынша, Қазақстан мен Пәкістанда сауда-экономикалық байланыстардан басқа, мәдениет, ғылым және білім саласындағы ынтымақтастықты қоса алғанда, өзара іс-қимыл үшін көптеген бағыттар бар.

Пәкістан нарығы өте көлемді. Қолайлы географиялық жағдайға ие бола отырып, біздің еліміз Қазақстанға теңіз порттарына шығуды қамтамасыз ете алады, бұл Таяу Шығыс елдеріне тауарлар мен жүктерді жөнелтуге мүмкіндік береді. Өз кезегінде Пәкістан Қазақстаннан 5 млн тоннаға дейін ұн мен бидай өнімдерін сатып алуға, сондай-ақ Қазақстан нарығына қант пен күріш шикізатын жеткізуге мүдделі, - дейді Рао Халид Махмуд.

Сонымен қатар пәкістандық бизнес қазақстандық сатып алушыға сапалы және тартымды бағамен картоп, мандарин, қырыққабат, сәбіз және экзотикалық жемістерді жеткізуге дайын.

2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Пәкістан арасындағы тауар айналымы өткен жылмен салыстырғанда 23,1%-ға төмендеп, 73,1 млн долларды құраған.

Өзгелердің жаңалығы