Ислам Әбішев бостандыққа шығатын болды

3 Маусым 2021, 13:43
1956
Бөлісу:
Ислам Әбішев бостандыққа шығатын болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Су ресурстары комитетінің бұрынғы төрағасы Ислам Әбішевтің шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішхаты қанағаттандырылды.

Ислам Әбіштің адвокаты Мәкіш Есқараев хабарласып, сүйінші сұрады. Триллион үнемдеп жүріп, түрмеге түскен, жазықсыз жаланың құрбаны болған Ислам Әбіш бүгін соттың үшінші отырысында мерзімінен бұрын шартты түрде босатылды. Ел үшін еңбек еткен ердің бостандыққа шығуы оны қорғап, араша сұраған, «Қазақ үні» ұлттық порталында Президентке жазылған ашық хатқа қол қойған 200 мыңдай адамның, халықтың қуанышы! Халық үніне құлақ асатын, еститін үкімет дегеннің басы шығар бұл! Ұзағынан сүйіндірсін!, - деп жазды Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса.

Еске салайық, Ислам Әбішев 2020 жылы 18 ақпанында Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының бұрынғы вице-президенті Серік Төкиевпен бірге сотталған болатын. Нұр-Сұлтан қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Әбішевті 5 жылға, Төкиевті 4 жылға бас бостандығынан айырып, белгілі бір лауазымдарды атқаруға тыйым салған еді. Екеуі 60 миллион теңгеден астам ақшаны бопсалау жолымен пара алды деп айыпталған.

Өзгелердің жаңалығы