«Іскерлік журналистика» атты кітап жарық көрді

1 Қазан 2019, 10:11
8985
Бөлісу:
«Іскерлік журналистика» атты кітап жарық көрді
PHOTO
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыда жас журналистерге арналған «Іскерлік журналистика» көмекші құралының таныстырылымы өтті.

IMG_20190930_181342.jpg

Қазақ тілінде тұңғыш рет құрастырылып отырған бұл кітаптың идея және жоба авторы Ербол Азанбек. Аталған кітапты жазуға экономика, қаржы және бизнес тақырыбында жазып жүрген журналистер қатысқан. Авторлардың қатарында Шолпан Айтенова, Әсия Акишева, Есенгүл Кәпқызы, Асхат Еркімбай, Әлібек Аллияров, Дінмұхамед Зиядин бар. Сонымен қатар, Мира Халина, Олег Хе, Айнура Каргалинова сынды белгілі журналистер де тәжірибесімен бөліскен. 

Идея авторы бұл кітаптың қажеттіліктен туындағанын, елімізде экономика және қаржы тақырыбында жазатын жас журналистерді баулу мақсатында қолға алынғанын айтады.

«Жалпы қазақтілді аудиторияға банк, қаржы, бизнес жайлы ақпарат дұрыс жете бермейді. Өйткені бұл тақырыпта жазатын журналистер аз және сарапшылардың көбі орыстілді. Банк туралы материалды біздің қазақ журналистері екі жағдайда ғана жазады екен. Оның бірі жарнамалық тапсырыс болған кезде, екіншісі келеңсіздік жағдай болғанда  шығады, яғни негатив материалдар. Осы салада жазатын журналистерді тәрбиелеу мақсатында 2013 жылы «Іскерлік журналистика» клубын аштым. Онда ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде оқып жатқан студенттерді тарттым», - дейді Ербол Азанбек. 

IMG_20190930_180931.jpg

Клубқа келген жас журналистерге ол қаржы тақырыбындағы мәліметтерді қайдан алуға болатынын, жалпы аналитикалық материалдарды қалай жазу керектігі жөнінде нұсқаулар көрсетіп отырғанын айтты.

«Кейін жас журналистерге арналған осы көмекші құралды жазып шығарсақ деген ой келді. Бір жылдай оған демеуші іздедім, дегенмен 2018 жылы еліміздегі АҚШ елшілігі қолдау көрсетуге келісті. Жалпы шетелде қаржы журналистикасы, экономика журналистикасы және бизнес журналистикасы деген үш тақырып жеке қаралады. Біз өзімізге ыңғайлап осы үш тақырыпты біріктіріп «Іскерлік журналистика» деп алғанды жөн көрдік. Басылып шыққан кітап 200 беттен тұрады, алайда электронды нұсқасының көлемі одан көп болады. Оны 7kun.kz сайтына жариялайтын боламыз және ол ай сайын толығып отырады. Бұл кітаптар сатылмайды, еліміздегі барлық журналистика факультеттеріне тегін таратылады», - дейді ол. 

IMG_20190930_182233.jpg

Кітап авторларының бірі Әсия Акишева экономикалық тақырыпта жазып жүрген тәжірибесімен осы көмекші құралда бөліскенін айтады. 

«Экономикалық журналистика, іскерлік форматтағы журналистика бүгінгі біз арпалысып жүрген фейкньюс, сары контентке қарсы шыға алатын форматтың бірі.  Өйткені экономикалық журналистикада ең алдымен аргумент және факті бар. Сондай-ақ, экономикалық журналистикада біз сандарды құр сөйлетіп қоя салмаймыз, мұнда алдымен аналитика керек. Журналист мақаласын өз  оқырманына осы экономикалық тұрғыдан шешім қабылдауға көмектесу ретінде құруы тиіс. Сондықтан осы тақырыпқа келген журналист үнемі ізденіп, өз деңгейін көтеру мәселесін қарастыру керек», - дейді Әсия Акишева. 

IMG_20190930_181354.jpg

Таныстырылым барысында  іскерлік-журналистика туралы ой-пікірімен бөліскен тағы бір автор Асхат Еркімбай бұл кітаптың дер кезінде шыққанын атап өтті.

«Бұрын экономикалық тақырыптағы баспасөз мәжілісіне барғанда орыс журналистері белсенділік танытатын, ал қазақ журналистері көп үндемейтін. Неге біздікілер белсенді емес деп көп ойланатынмын. Түптеп келгенде мәселе журналистерде емес, жалпы журналистиканың бүгінгі жағдайында, оларды қорыққан ат сияқты бір бұрышқа тақап қойғандығында. Сондықтан мәселе журналистиканың қандай жағдайда тұрғандығында. Осындай сәтте Ербол сияқты жандардың пайда болып, дер кезінде қазақ журналистикасының дамуына үлес қосып жатқаны қуантады», - дейді ол.

Өзгелердің жаңалығы