Ісіктерді емдеудің жаңа әдісі енгізілді

24 Қараша 2022, 11:25
1184
Бөлісу:
 Ісіктерді емдеудің жаңа әдісі енгізілді

Талдықорғандағы облыстық  көпсалалы клиникада ісіктерді емдеудің жаңа әдісі енгізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жетісу облысының тұрғындарына онкологиялық көмек көрсетуді жақсарту үшін алғаш рет Облыстық көпсалалы клиниканың директоры Мадияр Өмірбаевтың басшылығымен радиожиілік абляциясын (РЖА) пайдалана отырып, қатерсіз және қатерлі ісіктерді емдеудің жаңа әдісі енгізілді. 

Бұл әдіс қазіргі заманның аз инвазивті және тиімді әдісі болып табылады,

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өңірде интервенциялық емдеу әдістерін енгізудің жақсы нәтижелерін ескере отырып, клиникада «Диагностика мен емдеудің Рентгенхирургиялық әдістері» бөлімшесін ашу туралы шешім қабылданды. 

Генератор аппараты бізге мол мүмкіндік беріп отыр. Бұл аппарат тері астындағы хирургиялық процедураларда, лапароскопиялық интраоперациялық коагуляцияда және тіндердің абляциясында қолданылады. Генераторды сатып алғаннан кейін клиникада паренхималық органдарға: бауырға, өкпеге, бүйрекке, сүт безіне, бүйрек үсті безіне, қалқанша безге қатерлі және қатерсіз ісіктерге хирургиялық араласудың жаңа түрлерін жүргізу мүмкіндігі пайда болды. Сонымен қатар жұмыс істемейтін сүйек ісіктерінің ішінара немесе толық абляциясы жасалады. Солардың қатарында қатерсіз кіші түрлері - остеоидтар мен остеомалар; сүйектің қатерлі метастаздары; гинекология мен урологияда - эндометриялық қан кетулер, миомалар және аденомиоздар кезіндегі абляция; варикозды тамырлардың абляциясы және тамырлы ақаулар да бар – деді клиника директоры Мадияр Өмірбаев.

Клиникада жаңа бөлімнің ашылуына орай «Қатерлі және қатерсіз ісіктерді емдеудегі интервенциялық хирургияның мүмкіндіктері” тақырыбында мастер класс өткізіліп, операциялар жасалды.

Мастер класс шеңберінде пациенттерді қатерлі ісік және бауыр ісігі аурулары кезінде химиоэмболизацияға іріктеу, өкпе және жатыр мойны обыры ісіктерінде өңірлік химиоинфузия мүмкіндігі, сондай-ақ бүйрек обыры мен жамбас ісігі ауруларында ісіктерді эмболизациялау мүмкіндігі мәселелері талқыланды.

Іс-шараның арнайы шақырылған қонақтары медицина ғылымдарының кандидаты, профессор Дауранбек Арыбжанов пен Астана қаласының рентгенхирургы Евгений Васильевич Мун, республиканың жетекші интервенциялық хирургы және осы бөлімшенің меңгерушісі Ілияс Нұрсейітов өз тәжірибелерімен бөлісті.

Мастер класстың бірінші күні 7 операция жасалып, барлық операциялар сәтті және асқынусыз өтті. Интервенциялық хирургия әдістері пациент үшін аз инвазивті және ауыртпалықсыз, оңалту кезеңі ұзаққа созылмайды, жылдам өтеді. Қатерсіз ісіктер үшін РЖА жүргізгеннен кейін науқастың алғашқы күндері амбулаториялық деңгейде қаралуына мүмкіндік бар.

Мастер класстың екінші күні алынған материалды бекітуге бағытталды. Аудандардан және қалалық онкологиялық орталықтардан шақырылған әріптестер үшін ГЦК дәрі-дәрмекпен емдеу, ТАХЭ және РЖА енгізу бойынша шетелде дәлелденген материалдар, сондай-ақ елімізде осы әдістерді қолдану тәжірибесі тақырыптары бойынша ғылыми баяндамалар ұсынылды.

Қазіргі уақытта бүйрек пен өкпенің қатерлі ісіктерін емдеудің заманауи ерекшеліктерін зерттей отырып, Клиника осы локализация бойынша химиоэмболизацияның аз инвазивті әдістерін енгізуді және өз мүмкіндіктерін кеңейтуді жоспарлап отыр.

Айта кетейік, емдеу әдістемесін Алматы және Астана қалаларындағы онкология және радиология институттары сияқты 3 деңгейдегі медициналық мекемелер ғана меңгерген. Енді мұндай операция Талдықорған қаласындағы облыстық  көпсалалы клиникада да жасалатын болады.

Өзгелердің жаңалығы