Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан тарихына арналған экспозициясы ашылды

22 Маусым 2022, 02:22
2898
Бөлісу:
Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан тарихына арналған экспозициясы ашылды
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада ҚР Қарулы Күштерінің Мемлекеттік әскери тарихи мұражайында Ішкі істер органдарының 30 жылдығын мерекелеу қарсаңында ҚР Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұланның  құрылу тарихынан сыр шертетін көрме ашылды. 

Бұл туралы Ұлттық ұланның баспасөз қызметі хабарлады.

Көрменің салтанатты рәсіміне Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі, Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының әскери қызметшілері мен ардагерлері, «Жас Бүркіт» әскери-патриоттық клубының тәрбиешілері қатысты. 

Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан тарихына арналған экспозициясы ашылды

Айтулы шарада, мемлекеттік Әнұран шырқалғаннан кейін Ішкі істер органдары Ардагерлер кеңесінің төрағасы доғарыстағы милиция генерал-майоры Болсамбеков Өмірзақ Қоспанұлының алғашқы құттықтау сөзімен басталды. 

Бүгінгі көрме еліміздің ішкі істер органдарының құрылу, қалыптасу және бүгінге дейінгі тарихынан хабардар етеді. Ішкі істер органы саласында 1956 жылдан бастап еңбек етіп келемін. Сондықтан мен бұл саланың ыстығын да, суығын да көргенмін десем болады. Ол кездегі және қазіргі жағдай мүлдем басқаша. Жалпы қоғамда тәртіп орнатуда полицейлердің еңбегі зор. Олардың жұмысына табыс тілеймін, - деді Ішкі істер органдары және ұлттық ұлан ардагерлер кеңесінің төрағасы, милиция генерал-майоры Өмірзақ Болсамбеков көрменің ашылу салтанатында.

 Шара барысында сөз алған Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Маткаримов Альберт Полатұлы былай деп өз тілегін жеткізді:

Ішкі әскер 1992 жылы 10 қаңтарда құрылды. Үстіміздегі жыл Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерімен қатар Ішкі істер министрлігінің де мерейлі жылы болса, біздер – Ұлттық ұландықтар да 30 жылдығын атап өтті. 2014 жылы Ішкі әскер Президент бұйрығымен Ұлттық ұлан болып қайта құрылған болатын. Осы 30 жыл ішінде Ұлттық ұлан Ішкі істер органдарымен бірлесе отырып, қоғамдық тәртіпті сақтап, еліміздің тыныштығы жолындағы өз міндеттерін адал атқарып келеді. Ұлттық ұланның басты міндеті – қоғамда тәртіпті қамтамасыз ету. Күнделікті тәртіп сақшысы болудан бөлек, айтулы ОБСЕ (Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы), Азиада және басқа да елімізде өткен халықаралық маңызды шара кезінде ұландықтар тәртіпті бақылады. Сондай-ақ, елімізге шет мемлекет басшылары келген кезде де ұландықтарға артылатын жауапкершілік жоғары. Одан бөлек, біздің қызметкерлер стратегиялық маңызы бар нысандарды күзетеді. Бүгінгі көрме арқылы ішкі істер органдары мен ұлттық ұлан қызметі туралы экспозициялар арқылы таныса аласыздар. Көрмеге қойылған әр дүниенің өз тарихы бар. Сөз соңында Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы мен Ардагерлер кеңесі және өз атымнан Қорғаныс министрлігінің басшылығына және Мемлекеттік тарихи мұражай басшыларына көрсетіліп отырған құрметтеріңізге алғысымды жеткізгім келеді. Тәуелсіз Қазақстанның дамуы жолындағы Ұлттық ұланның еңбегін елеп, тарихқа өшпес із қалдыру мақсатында болашақ жастарға аманат ретінде қалдырамыз, – дейді генерал-майор Альберт Маткаримов.   

Экспозицияның салтанатты ашылу рәсімін Ішкі істер органдары Ардагерлер кеңесінің Төрағасы милиция генерал-майоры Болсамбеков Өмірзақ Қоспанұлы мен Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Маткаримов Альберт Полатұлы лентаны қиып, көрмені ашты.

Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан тарихына арналған экспозициясы ашылды

 Сондай-ақ, мерекелік  жиында Генералдар кеңесі Республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшесі, Ұлттық ұлан ардагері Салханов Дәулет Хамарұлыда   өз ойымен бөлісті:

Бүгін өте ерекше күн деп санаймын, себебі Мемлекеттік әскери тарихи мұражайында Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұланға арналып ашылған көрмені тамашалап, қызмет еткен сәттеріміз қайта есімізге түсіп жатыр. Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-майор Еркін Ботақановтың басшылығымен адал қызмет атқарып жатқан ұландықтарды құттықтаймын! Ішкі істер органдарымен бірлесе отырып, халықтың тыныштығы жолында еткен қызметтеріңіз елене берсін. Бұл көрме тек осы қалыпта қалмаса екен деген тілегім бар, жиі-жиі жас жеткіншектер мен әскери қызметшілерге, жауынгерлерге таныстырып, көрсетіп отырса екен деген тілегім бар, - деп, өз ойымен бөлісті.     

Айта кету керек, көрме соңы  Ұлттық ұлан ән-би Ансамблінің  көркем өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты. 

Өзгелердің жаңалығы