Ішкі істер министрлігі полиция күнін атап өтті

23 Маусым 2019, 10:14
2566
Бөлісу:
Ішкі істер министрлігі полиция күнін атап өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР ішкі істер министрлігі «Қазақстан полициясы күнін» атап өтті. Бұл туралы ҚР ІІМ баспасөз қызметі хабарлады.

Іс-шара Қызметтік борышын өтеу кезінде қаза болған ішкі істер органдары қызметкерлері мен ішкі әскер әскери қызметшілеріне арналған монументке гүл шоқтарын қойып, еске алумен басталды.

«27 жыл бұрын Қазақстан Республикасының Жоғарғы кеңесі «Ішкі істер органдары туралы» Заң қабылдады. Бұл тәуелсіз мемлекетіміздің тарихындағы полиция қызметі үшін құқықтық алаң қалыптастырған, ішкі істер органдарының міндеттері мен қызметтерін айқындаған бірінші акті болды. Ішкі істер органдары өзінің қалыптасу жолындағы ауыртпалыққа толы жолды еңсере отырып, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және қылмыспен күрестегі бірқатар күрделі мәселелерді шеше алды. Жылдан жылға полицияның жаңа сұлбасы қалыптасып келеді. Біз жаңа стандарттарға бой түзей отырып, ішкі істер органдарын ұйымдастыруды сапалы жаңа деңгейге біртіндеп көтеріп келеміз», - деді ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.

Айта кетейік, тәуелсіздік алған жылдардан бері қызметтік борышын өтеу кезінде 787 полиция қызметкері қаза тапқан, 3513 полиция қызметкері ауыр жараланған.

Іс-шарада қызметте ерекшеленген полицейлер марапатталып, ерлікпен қаза тапқан батырларымыздың ата-аналарына, туыстарына құрмет көрсетілді.

Мереке концерттік бағдарламамен өз жалғасын тапты.

Өзгелердің жаңалығы