Ішкі істер министрі өңірлік басшылармен кездесті

23 Қаңтар 2024, 19:10
366
Бөлісу:
Ішкі істер министрі өңірлік басшылармен кездесті
Фото: Polisia.kz

ІІМ-де орталық аппарат қызметтері мен аумақтық департаменттердің, қалалық басқармалар мен аудандық полиция бөлімдерінің бастықтарымен, Ұлттық ұланның өңірлік қолбасшылықтары басшыларының қатысуымен отырыс өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Ішкі істер министрі Ержан Саденов қызметкерлерге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ведомство алқасында ішкі істер органдарының алдына қойған негізгі міндеттерін жеткізді. 

Министрдің орынбасарлары өткен жылғы жұмысты қорытындылап, өздері жетекшілік ететін бағыттар бойынша 2024 жылға арналған жоспарларымен бөлісті.

Отырыс барысында министр қылмыстың жекелеген түрлерінің өсуі байқалатын және оларды ашу деңгейі төмендеген өңірлік полиция департаменттерінің жұмысын сынға алды. Әріптестеріне алдағы аттестация туралы ескертіп, биыл министрлік кадр сапасын арттыруға ден қоятынын айтты. 

Біздің негізгі міндетіміз – қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету. Заң және тәртіп, құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік, жазаның бұлтартпастығы бірінші орында тұруы керек. Сондықтан нарядтардың жүйелі жұмысын ұйымдастырып, көшелер мен аулаларды барынша қамтуды, мектептер мен жоғары оқу орындарында профилактикалық жұмысты күшейтуді тапсырамын, – деп атап өтті министр. 

Сондай-ақ ол аумақтық полиция департаменттерінің бастықтарына азаматтарды жеке қабылдап отыруды, олардың конституциялық құқықтары мен тергеу мерзімдерінің сақталуын қамтамасыз етуді, көші-қон саласына патрульдік, учаскелік инспекторлар мен жедел қызметкерлерді жұмылдыруды тапсырды.

Жиында ІІО қызметтері мен бөліністеріне тағайындалған жаңа басшылар таныстырылды. ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша ішкі істер министрінің бұйрығымен қызметті күшейту үшін криминалдық полиция департаментінің бастығы лауазымына полиция полковнигі Қанат Нұрмағамбетов тағайындалды.Бұған дейін ол министрліктің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің бастығы болған. 

ҚАЖК төрағасы лауазымына әділет полковнигі Теңізжан Жәнібеков тағайындалды. Ол бұрын Шымкент қаласы мен Түркістан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы қызметін атқарған. 

Бұрын ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары болған полиция полковнигі Сарқытбай Құсайынов Жетісу облысы ПД бастығы лауазымына тағайындалды.

Өзгелердің жаңалығы