Үндістан астанасы Делиде бес қабатты тұрғын үй құлап, ондаған адам үйінді астында қалуы мүмкін. Олардың арасында студенттер мен құрылысшылар бар деген болжам айтылып отыр.
ВВС-дің мәліметінше, оқиға жексенбі күні жергілікті уақытпен шамамен 13:30-да Делидің оңтүстік-батысындағы Сатья-Никетан ауданында болған. Куәгерлердің айтуынша, ғимарат құлаған кезде ішінде 50-ге жуық адам болуы мүмкін.
NDTV жергілікті полицияға сілтеме жасап, кемінде бір адамның қаза тапқанын, тағы екі адамның жағдайы ауыр екенін хабарлады. Әзірге алты адам құтқарылған.
Дели университетінің кампусына жақын орналасқан Hostel Daze ғимаратының жертөлесінде құрылыс жұмыстары жүргізілген. Жексенбі демалыс күні болғандықтан, көптеген студент бөлмелерінде болуы мүмкін. Жергілікті билік өкілінің мәліметінше, үйінді астында қалған кейбір студенттер телефон арқылы байланысқа шыққан.
Көрші дүкен иесі ANI агенттігіне жертөледе жер қазу жұмыстары жүргізілгенін айтқан. Оның сөзінше, ғимараттың төменгі бөлігіндегі бағаналар әлсіз болған. Алайда бұл мәліметтер ресми түрде расталған жоқ.
Дели бас министрі Рекха Гупта көршілес ғимараттың сақтық шарасы ретінде эвакуацияланғанын хабарлады.
«Үйінді астында қалған адамдарды қауіпсіз құтқару үшін барлық күш-жігер жұмсалып жатыр», – деді ол.
Полиция мәліметінше, құлаған ғимараттың салынғанына шамамен 40–50 жыл болған. Құқық қорғау органдары ғимарат иесін іздестіріп жатыр. Оқиғаның себептерін анықтау үшін тергеу жүргізілуде.