Ишемиялық инсульт 5 минут ішінде миды зақымдайды - дәрігер

29 Қаңтар 2024, 07:51
844
Бөлісу:
Ишемиялық инсульт 5 минут ішінде миды зақымдайды - дәрігер
Фото: ҚР ПІБ МО баспасөз қызметі

Өмірге қауіп төндіретін аурулардың бірі – инсульт туралы күнделікті өмірде көп естиміз. Кейде тіпті оның салдарынан қауіптенеміз. Оның ішінде көптеген ауру түрінің асқынуынан туындайтын ишемиялық инсульттен сақтану – әр адамның назарында болуға тиіс, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Осы орайда ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасы №3 терапиялық бөлімшесінің невролог дәрігері Жанар Оспановамен сұхбаттасқан болатынбыз. Дәрігер сұхбат барысында ишемиялық инсультің белгілері, салдары, емдеу тәсілдері мен алдын алу жолдары туралы кеңірек айтып берді.

– Ишемиялық инсульт дегеніміз не?

– Жалпы инсульт дегеніміз – ми қан айналысының жіті бұзылысы, яғни ми қантамырларының бірінің үзілуі, түйілуі немесе тығындалуы салдарынан болатын күрделі ауру. Инсульт геморрагиялық және ишемиялық болып бөлінеді. Біріншісі миға қан құйылудың себебінен орын алса, екіншісі ми тінінің зақымдануынан туындайды. Яғни ишемиялық инсульт ми қан айналысының жедел бұзылысы,мидың кіші және үлкен артерияларында қанның ұюы мен тамырлардың тарылу нәтижесінде миға жеткілікті мөлшерде қан бармай қалуы болып саналады.

– Ишемиялық инсульттің бастапқы белгілері қандай?

– шемиялық инсультің бастапқы белгілеріне бастың ауруы мен айналуы, аяқ-қолдың ұюы, тырысуын атауға болады. Әлемге танымал «FAST» тестін кез келген адам жаттап алғаны дұрыс. Бұл өзінің ғана емес, айналасындағы адамдардың да өмірін құтқаруға көмектеседі. Яғни ең бірінші науқастан тістерін ақсита күлімсіреуді сұрап, бет асимметриясын байқау керек. Екіншіден, қолын тепе-тең көтере алатынын бақылау қажет. Үшіншіден, науқастың сөйлеген сөзіне мән беру керек. Егер бет-аузы қисайып, қол-аяғының тепе-теңдігі сақталмай, тілі күрмелгенін байқаса, бұл инсульт белгісі екенін бірден тануға болады.

– Ал аурудың себептері туралы не айтасыз?

– Ишемиялық инсульт негізінен басқа аурулардың асқынуы нәтижесінде болады. Мәселен, қан қысымының жоғары болуы, ми қантамырларының зақымданып, 50 пайыздан жоғары деңгейде тарылуы нәтижесінде миға оттегінің бармауы және жүрек қуыстарында қан ұйындыларының пайда болып, жүрек ырғағы бұзылған көптеген кардиологиялық, сондай-ақ гемотологиялық аурулардың үдеуі сеп бола алады. Жиі кездесетін жағдайларға артериялық гипертензия, қант диабеті, ми қантамырларының іші тарылған кезді атауға болады. Ал ондай аурулардың туындауына әкелетін факторларға тереңірек үңілсек, күйзелістен бастап, ішімдік, темекі сияқты зиянды әдеттер, дұрыс тамақтанбау, суды мөлшерінен аз тұтыну, қимыл-қозғалыстың аздығы сияқты қарапайым себептерге келіп тіреледі. Сондықтан әр адам өз денсаулығына саналы түрде жауапкершілік алуға тиіс.

– Инсульт белгілері кезінде науқасқа үй жағдайында көмектесуге бола ма?

– Жоқ, үй жағдайында ешкім дәрігерсіз ешқандай көмек бере алмайды. Жоғарыда аталған белгілердің бірі байқалған жағдайда жедел жәрдем шақырып, науқасты шұғыл ауруханаға жеткізу қажет. Бұл өмірге қауіп төндіретін ауру болғандықтан, медициналық тәжірибесі бар мамандар ғана көмектесе алатынын ескеру қажет. Инсульт белгілері басталған сәттен бастап 9 сағатқа дейін ауруханаға жеткізіп үлгеру қажет, мұны медицинада «терапиялық терезе» деп атайды. Себебі ишемиялық инсульт өте тез болады. Небәрі 5 минуттың ішінде мидың тініне дұрыс қан бармауының нәтижесінде ми клеткалары зақымданып, өле бастайды. Сол себепті неврологиялық дефицит орын алмас үшін уақытпен таласу өте маңызды.

– Сіздердің орталықтарыңыздың ауруханасында ишемиялық инсультті қалай емдейді?

– ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде тіркелген хаттама бойынша ишемиялық инсультке шалдыққан науқастарға тәулік бойы шұғыл медициналық көмек көрсетіледі. Сондай-ақ инсульттен кейінгі науқастарға дәрі-дәрмекпен қатар, оңалту шаралары арқылы жоғары сапалы көмек көрсетіледі. Қалыпқа келтіру және оңалтудың заманауи тәсілдерін қолдану арқылы науқастардың бастапқы өмір салтына түсуіне көмектесеміз. №3 терапиялық бөлімше неврологиялық ауруларға шалдыққан кісілерді емдеу үшін қызмет етеді. Мұнда жүре алмай келген адамдар аяқтарын тең басып шығып жататыны дәрігерлердің біліктілігі мен емнің сапасын көрсетеді. Біз әр науқастың денсаулығына жанашырлықпен қараймыз.

– Ишемиялық инсульттің салдары қандай және алдын алуға қандай дәрігерлік кеңес бересіз?

– Инсульттің ең үлкен салдары өлім немесе мүгедектік болуы мүмкін. Инсульттен кейін адамның өмір сүру сапасы төмендейді. Тамақтану, сөйлеу, жүру қабілеттері азайған соң өзгеге тәуелділік пайда болуы ықтимал. Бұл өз кезегінде психо-эмоционалды күйіне де өзгерістер алып келеді. Мұндай күйден адам өзін-өзі алдын ала құтқара алады. Ол үшін қан қысымын әрдайым бір қалыпта ұстап, күйзелістен сақтанған жөн. Келесі кезекте тамақтану тәртібін дұрыстау керек. Майлы, ұнды, қантты тағамдарды адам ағзасына пайдалы тағамдармен алмастырған өте маңызды. Әрдайым қозғалыста жүретін адамдарда инсульттің ықтималдығы аз болады. Сол себепті көбірек жүріп, денені әрдайым шынықтырып отырған дұрыс. Күніне 2 литрге дейін су ішуді де әдетке айналдыруға кеңес беремін.

Салауатты өмір салты – инсульттің алдын алатын маңызды қадам. Сонымен қатар алты айда немесе жылына бір рет скринингтен өтіп, жалпы қан талдауы, қандағы холестерин құрамы, мойын артерияларын тексеріп тұру қажет. Терапевт дәрігердің қарауында болып, деннің саулығын бақылауда ұстаған абзал.

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы