Ирина Юнусметова нысана көздеуден әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды

Дохада нысана көздеу және стенд атудан әлем чемпионаты 1-14 қараша аралығында өтуде.

 Ұлттық олимпиада комитеті 3 Қараша 2026, 21:18
3 Қараша 2026, 21:18
141
Фото: Ұлттық олимпиада комитеті

Қазақстандық спортшы Ирина Юнусметова Катар астанасы Дохада өтіп жатқан нысана көздеуден әлем чемпионатында қола медаль жеңіп алды. Бұл туралы ҚР Туризм және спорт министрлігінің Спортты дамыту дирекциясы хабарлады.

Отандасымыз әйелдер арасында 50 метр қашықтықтан кіші калибрлі тапаншамен оқ ату сайысында 537 ұпай жинап, үшінші орынға тұрақтады. Ол жарыстың алты сериясында 83, 95, 90, 88, 91 және 90 ұпайдан еншілеген.

Алтын медальді 546 ұпай жинаған Түркия өкілі Шеввал Илайда Тархан иеленсе, күміс жүлде 542 ұпаймен армениялық Эльмира Карапетянға бұйырды.

Айта кетейік, Дохада нысана көздеу және стенд атудан әлем чемпионаты 1-14 қараша аралығында өтуде.

Наверх