- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Ірі Kraken криптобиржасы Қазақстан нарығына кіреді
Ірі Kraken криптобиржасы Қазақстан нарығына кіреді
Kraken халықаралық криптоплатформасы Қазақстанның цифрлық активтер нарығына шығуда.
-
Айым Серікбайқызы
BAQ.KZ ақпарат агенттігінің аға шығарушы редакторы
27 Қазан 2026, 13:08
Халықаралық ең ірі криптоплатформалардың бірі Kraken Қазақстан нарығына шығуға дайындалып жатыр. Компания «Астана» халықаралық қаржы орталығының қаржылық реттеушісінен алдын ала мақұлдау алып үлгерді. Келесі қадам – толыққанды лицензия алу, одан кейін платформа Қазақстанда өз жұмысын бастай алады.
Kraken платформасының Қазақстан нарығына шығатыны туралы 27 қазанда Премьер-министр Олжас Бектенов пен компанияның қосалқы бас директоры Дэвид Риплидің AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумындағы кездесуінің қорытындысы бойынша белгілі болды.

Реттеушінің мақұлдауы нені білдіреді?
Кездесу барысында тараптар цифрлық активтер нарығын дамыту перспективаларын, заманауи қаржылық технологияларды енгізуді, реттеу тәсілдерін жетілдіруді, сондай-ақ Қазақстанның цифрлық экономикасында халықаралық тәжірибені қолдану мүмкіндіктерін талқылады.
Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Kraken Қазақстанда цифрлық активтер нарығын дамытуға және блокчейн-технологияларды енгізуге бағытталған Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Тағы бір маңызды оқиға – Kraken компаниясының «Астана» халықаралық қаржы орталығының қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі комитетінен (AFSA) алдын ала мақұлдау (In-Principle Approval) алуы болды.
Kraken Қазақстанда не істеуді жоспарлап отыр?
Аталған мақұлдау лицензиялау рәсімінің негізгі кезеңдерінің бірі болып табылады және белгіленген талаптар орындалғаннан кейін компанияның АХҚО-ның реттелетін юрисдикциясында қызметін бастауына алғышарттар жасайды.
Алдын ала мақұлдаудың алынуы ірі халықаралық криптоплатформалардың бірінің Қазақстан нарығына шығуға мүдделі екенін растайды және елдегі цифрлық активтер индустриясын одан әрі дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

Қол қойылған Меморандум цифрлық активтерді реттеуді жетілдіру, цифрлық қаржы нарығын дамыту, дәстүрлі банк инфрақұрылымын цифрлық активтер нарығымен интеграциялау, блокчейн-технологияларды енгізу, сондай-ақ білім беру бастамаларын іске асыру және халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру мәселелері бойынша өзара іс-қимылды көздейді.
Қазақстанның өңірлік криптохаб ретіндегі ұстанымын нығайту және цифрлық активтер индустриясының жетекші халықаралық қатысушыларын тарту үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында АХҚО-мен өзара іс-қимылға ерекше назар аударылады.
«Kraken сияқты ірі халықаралық компаниялардың Қазақстан нарығына шығуы отандық цифрлық активтер индустриясын дамытудағы маңызды қадам болып табылады. Біздің міндетіміз – халықаралық компаниялар озық технологиялық шешімдерді енгізе алатын, ал азаматтар мен бизнес заманауи қаржылық қызметтерге қол жеткізетін ашық, бәсекеге қабілетті және қауіпсіз орта қалыптастыру.
Kraken компаниясымен Меморандумға қол қою халықаралық тәжірибе алмасуға, блокчейн-технологияларды дамытуға және Қазақстанның өңірлік криптохаб ретіндегі ұстанымын нығайтуға қосымша мүмкіндіктер ашады», – деп атап өтті Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ғиззат Байтұрсынов.
Сондай-ақ, Kraken компаниясының тең бас атқарушы директоры Дэвид Рипли Қазақстан нарығына шығу жолындағы маңызды кезең туралы айтты.
«Қазақстан цифрлық активтер индустриясын дамыту үшін елеулі әлеуетке ие екенін көрсетіп, нарықтың халықаралық қатысушылары үшін қолайлы жағдайлар қалыптастыруда. AFSA-ның алдын ала мақұлдауын алу Payward (Kraken компаниясының бас компаниясы) компаниясының Қазақстан нарығына шығу жолындағы маңызды кезең болып табылады.
Біз мемлекеттік органдармен сындарлы диалогты жоғары бағалаймыз және цифрлық активтердің қауіпсіз, ашық әрі инновациялық экожүйесін дамыту бағытындағы одан әрі ынтымақтастыққа сенім артамыз», – деп атап өтті Payward (Kraken) компаниясының тең бас атқарушы директоры Дэвид Рипли.

Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі цифрлық активтер индустриясын дамыту үшін қолайлы реттеушілік және технологиялық орта қалыптастыру, нарықтың халықаралық қатысушыларын тарту және ел экономикасында блокчейн-технологияларды практикалық қолдану аясын кеңейту жөніндегі жұмысты жалғастырады.
Kraken туралы не белгілі?
Kraken – 2011 жылы АҚШ-та құрылған әлемдегі ең ірі халықаралық криптоплатформалардың бірі. Компания жеке және институционалдық клиенттерге цифрлық активтерді сатып алу, сату, сақтау және саудалау қызметтерін ұсынады.
Kraken платформасын Payward компаниялар тобы басқарады және ол Солтүстік Америка, Еуропа және басқа да өңірлердің нарықтарында жұмыс істейді. Платформа цифрлық активтер мен фиаттық валюталардың кең ауқымын қолдайды, сондай-ақ кәсіби сауда және институционалдық қызметтерді ұсынады.
Ең оқылған: