Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Иран-Қазақстан дипломатиялық қатынасының 27 жылдығына орай фотокөрме барысында Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Маджид Самадзаде Сабер айтты.
Көрмеде Қазақстан мен Иран Ислам Республикасының тығыз қарым-қатынасын бейнелейтін 90-нан астам тарихи фото қойылған. Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы елшілігі ҚР Ұлттық музейімен бірлесіп ұйымдастырды.«Осы көрме –Қазақстан мен Иран Ислам Республикасы қарым-қатынасының көрінісі. Біздің тәуелсіздігімізді ең алғашқы болып мойындаған Иран Ислам Республикасы болатын. 18-19 ғасырда қазақ халқы бірнеше тілді білген. Араб, парсы, түрік тілдері осы мемлекетте қолданылды. Көрме сол кезде тығыз болған екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайта түседі», - деді Ұлттық музей директоры м.а. Алмас Нұрасхан.
Осыдан 27 жыл бұрын 1992 жылдың 29 қаңтарында Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасында алғашқы дипломатиялық қатынастар орнаған болатын. Бүгінгі күні екі ел арасында мәдени-гуманитарлық, экономикалық және басқа да салада тығыз байланысты жалғастырып келеді.
«Бүгінгі көрме екі ел арасындағы қарым-қатынасты қайта жаңғырту десек те болады. Өткен ғасырдың 90-жылдарында Совет үкіметі елдеріндегі өзгерістерден кейін Иран мен Қазақстан арасындағы байланысты қайта қалпына келтіруге мүмкіндік туды. 1990 жылдың қараша айында Қазақстан тәуелсіздігін жарияламай тұрғанда, Иранның сол кездегі сыртқы істер министрі Алматыға сапар жасап, Қазақстанның билік өкілдерімен кездесіп, Қазақстанның тәуелсіздігін қолдайтынын жеткізді. Содан соң 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған кезде Иран Ислам Республикасы бірінші болып мойындап, 1992 жылдың 29 қаңтарында Алматы қаласында елшілігін ашты. Бұл көрме – екі ел қарым-қатынасының 27 жылдағы дерекнамасы», - деді Иран Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Маджид Самадзаде Сабер.
Елші көрмеге фотолардың қалай іріктелгенін айтып берді.
«Біздің елдер мен Мемлекет басшыларының арасында жақсы қарым-қатынас орнатылған. Екі елдің ынтымақтастығы ғасырларға ұласады. Біздің көптеген салт-дәстүріміз қазақ халқына ұқсас. Мәселен, «наурыз» сөзі парсы сөзінен аударылғанда «жаңа күн» деген мағынаны білдіреді. Көрмеде екі мемлекет арасында жасалған маңызды кездесулер мен меморандумдардың түзілуі сынды оқиғалар көрсетілген. Екі ел арасында теміржол қатынасының ашылуы және Мемлекет басшыларының екі елге жасалған ресми сапарлары көрініс тапты. Сондай-ақ, Иранның көрнекті орындарынан суреттер бар», - деді ол.
Айтуынша, былтыр екі ел арасында сауда айналымы 510 млн долларды құраған.
«Өткен жылы екі ел арасындағы сауда айналымы 510 млн долларды құрады. Екі елдің өнерпаздары арасында тығыз қарым-қатынас орнатылған, елдерде көрмелер жиі ұйымдастырылады. Иранда Қазақстанның екі Бас консулдығы жұмыс істейді. Сол сияқты Астана мен Ақтау қаласында Иранның екі Бас консулдығы орналасқан. Мәдени, тау-кен, көлік саласындағы қарым-қатынасымыз да көңіл көншітерлік. Ал, мал шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы саласындағы байланысты жақсартып келеміз», - деді елші.
Дипломат елшіліктің биылғы жоспарымен бөлісіп, екі ел арасындағы визалық қатынасты жеңілдетуді көздейтінін айтты.
«Екі мемлекеттің министрліктері арасында кездесулер мен консультациялар күтілуде. Үкіметаралық комиссиялардың отырысы көзделіп отыр. Әртүрлі көрме өткізу жоспарланған. Екі елдің халқы бір-біріне оңай сапарлауы үшін мемлекеттер арасындағы визалық қарым-қатынасты жеңілдетуге тырысамыз», - деді ол.